Жаңалықтар

Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті
Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі
Фото: Үкімет 03.01.2023 14:22 1793

3 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Премьер-Министр Кеңсесін Үкімет Аппараты ретінде қайта құру, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігін қайта ұйымдастыру, сондай-ақ салалық тұжырымдамалар мен даму жоспарларын әзірлеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әлихан Смайылов Премьер-Министр Кеңсесін Үкімет аппараты ретінде қайта құру Мемлекет басшысы бастамашылық еткен институционалдық реформалардың маңызды элементі болып табылатынын атап өтті. Оның айтуынша, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын, құрылымдық өзгерістерді жалпы үйлестіру күшейтіледі. 

«Ол үшін аппараттың құрылымы мен оның қызметі оңтайландырылады. Үкімет пен Премьер-Министрдің сараптамалық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық қызметін қамтамасыз ету күшейтіледі. Аппарат Президент Әкімшілігімен бірлесіп шешім қабылдау рәсімдерін бюрократиядан арылту және шамадан тыс регламенттеуді жою жөніндегі жұмысты жалғастырады», — деді Әлихан Смайылов. 

Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі

Үкімет Аппараты басшысының м.а. Ғалымжан Қойшыбаев ведомствоның жұмысы бюрократиядан арылту, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және орталықсыздандыру, сондай-ақ мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу қағидаттарына негізделетінін хабарлады. 

Премьер-Министр өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы орталықсыздандыру туралы заң жобасы Президент Әкімшілігіне келісуге енгізілгенін еске салды. 

Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі.  

«Аталған заң жобасымен біз министрлер мен олардың орынбасарларының дербестігін күшейтеміз. Енді барлық ағымдағы салалық мәселелер министрлердің бұйрықтарымен қабылданатын болады», — деді ол. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселеге тоқталған Премьер-Министр Президенттің Жарлығымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігі болып қайта ұйымдастырылғанын айтты. Жер қойнауын геологиялық зерделеу және минералдық-шикізат базасын молықтыру саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді. 

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басты міндеттерінің бірі жер қойнауын игеруге инвестиция тарту болып табылады. Геологиялық ақпараттың бірыңғай деректер банкін өнеркәсіптік пайдалануға беруді аяқтау қажет», — деді Әлихан Смайылов.  

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жер қойнауының жай-күйіне мониторинг және пайдалы қазбаларды өндіруге мемлекеттік бақылау күшейтілетінін, қажетті салалық шешімдер қабылдау және бизнес-процестерді цифрландыру процесі жеделдетілетінін атап өтті. 

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің айтуынша, осы айда министрліктердің жоспарланған алқа мәжілістерінде барлық салалық тұжырымдамалар мен даму жоспарлары қаралады. 

Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр Үкімет алдында экономиканың нақты мәнде 4%-ға өсуін қамтамасыз ету, инфляцияны 2 есеге 9,5%-ға дейін төмендету және 2023 жылы $24,4 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту секілді маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті. 

Үкіметтің 500-ден астам функциясы министрліктер мен әкімдіктерге беріледі

«Біздің басты мақсатымыз – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсуін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру. Сіздерден тиімді жұмыс және  шешім қабылдауда үлкен жауапкершілік талап етіледі», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға