Үкіметте ШҚО мәселелері талқыланды
Үкіметте өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың 6 қазанда Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын орындауға қатысты шаралар қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен облыстағы Қандысу және Үйдене су қоймаларын, сондай-ақ өңірдің суармалы жерлеріндегі шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдарды күрделі жөндеу мәселелері талқыланды.
Премьер-Министр жалпы республика бойынша көптеген су қоймаларын күрделі жөндеу қажет екенін, сондықтан бұл жұмысты кезең кезеңімен жүргізу керектігін атап өтті. Ең алдымен, басым жобаларға баса назар аудару керек.
Жиында Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу, республикалық және жергілікті маңызы бар күре жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, туристік нысандарға жол инфрақұрылымын тарту мәселелері де қаралды.
Сонымен қатар кеңеске қатысушылар «Алтай» көтерме-тарату орталығы, Риддер қаласындағы емханасы бар көпсалалы аурухана кешенін салу мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ тау-кен металлургия кешеніне инвесторлар тарту, қолданыстағы су электр стансаларын жақсарту және жаңа шағын стансалар салу, жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын бақылауды қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселе қозғалды.
Премьер-Министр жоспарланған жобалардың уақтылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Марқакөл және Катонқарағай аудандарын қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әкімдікпен бірлесіп, тапсырмалардың барлығын уақтылы әрі сапалы орындау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет», — деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.