Жаңалықтар

Үкіметте құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күрес шаралары талқыланды

Үкіметте құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күрес шаралары талқыланды
Фото: © Pixabay.com 26.05.2023 01:36 648

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтың төрағалығымен өткен кеңесте құмар ойындарға тәуелділікпен және нашақорлықпен күрес шаралары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қоғамда құмар ойындарға тәуелділік мәселесі өте өзекті, өйткені оның қарыз алу, отбасылық жанжал, қылмыс, өз-өзіне қол жұмсау сынды әлеуметтік салдары ауыр. 

Денсаулық сақтау министрлігінде лудомания (құмар ойындар) әдет мен құмарлық деп танылғаны, алайда диагноз тек азаматтар медициналық ұйымдарға жүгінген кезде ғана қойылатыны айтылды.

Ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимыл жөніндегі мүдделі мемлекеттік органдар іске асыратын негізгі шаралардың бірі – белсенді азаматтық позициясы бар адамдар тартылып, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерге мониторинг жасалады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері «Кибербақылау» ақпарат жүйесіне интернет-казино белгілері бар 1 780-ден астам интернет-ресурс бойынша ақпарат енгізілді.

Сонымен қатар кеңесте нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесі талқыланды.

Қазақстандық отбасылардың проблемаларының бірі – ойынға тәуелділік мәселесі қоғамды толғандырады және қатаң шешімдер қабылдауды талап етеді. Өкінішке орай, жастар арасында жақсы таралған есірткінің, әсіресе синтетикалық заттардың заңсыз айналымы, ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіреді. Осы сын-қатерлерге қарсы тұру үшін Кешенді жоспар аясында “синтетиканың” сот сараптамасының мерзімдерін қысқартатын заманауи зертханалар сатып алынбақ, уәкілетті органдарды тексеру және сот-сараптама жабдықтарымен қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру жүргізіледі. Сонымен қатар есірткінің зиянын түсіндіре отырып, профилактикалық жұмыс жүргізу, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау қажет, – деді Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов.

Оған қоса вице-премьер лудомания – нашақорлық сияқты әлеуметтік құбылыс екенін атап өтті, сондықтан бұл әрекет қоғамда айыпталуы керек. Бұл мақсатта жастармен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыс жүргізу керек, сондай-ақ жұртшылықты аталған жұмысқа тартып, Ұлттық еріктілер желісінің көмегіне жүгіну керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға