Жаңалықтар

Үкіметте Қазақстанның елді мекендерін газдандыру барысы қаралды

Үкіметте Қазақстанның елді мекендерін газдандыру барысы қаралды
Фото: pixabay.com 22.02.2023 11:31 1294

Мемлекет басшысы елді газдандыруды 60%-ға жеткізу жөнінде міндет қойды. Жалпы «көгілдір отынға» 11,8 млн-нан астам тұрғыны бар 1 800-ден астам елді мекен қосылуы тиіс, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Бұл тапсырманы Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» және «QazaqGaz» компаниялары мен әкімдер толық көлемде орындауы тиіс», — деді Премьер-Министр.

Оған қоса Үкімет басшысы 2019 жылы салынған «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының бойында тиісті инфрақұрылым тартылып, қажетті іске қосу кешендері орнатылғанын айтты. Алайда Астана қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының тұрғындарын көптен күткен газға қосу қарқыны өте төмен деңгейде қалып отыр.

«Бұл өңірлердің тұрғындары газ тарату желілері жоқ, рұқсат құжаттарын алу қиын және газға қосылу қымбат деп шағымданады. Бұл осы өңірлерге ғана емес, сонымен қатар газбен қамтылған басқа өңірлерге де қатысты», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы мысал ретінде Алматы облысының Биғаш ауылында тұрғындарға газ өткізуге 10 жыл бойы уәде беріліп келгенін айтты. Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Алшалы ауылының тұрғындары да бірнеше жылдан бері көгілдір отын күтіп жүр. Премьер-Министрдің айтуынша, Батыс Қазақстан облысының Зеленое ауылында (Орал қаласынан 5 км) газ 2014 жылы өткізілген, бірақ осы күнге дейін әкімшілік ғимараттар ғана қосылған.

«Ауылдық елді мекендерден басқа, қалаларда да халықты газбен қамтамасыз етуде проблемалар бар. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар, Астана әлі де «көк түтінге көміліп», ауаның ластану деңгейі бойынша әлемдік рейтингтерде көш бастап тұр. Алматыда 2 ЖЭО-да жаңа бу-газ қондырғысын салу мерзімі кейінге шегерілуде. Өңір әкімдері мен «QazaqGaz» компаниясына осы мәселелерді ерекше бақылауға алу керек», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру мәселесіне нүкте қоятын уақыт жеткенін айтты. Сондықтан Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 мамырға дейін түпкілікті шешім дайындауы қажет. Әлихан Смайыловтың айтуынша, газ инфрақұрылымының әбден тозуы да – маңызды мәселе.

«Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары. Магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді», — деді Премьер-Министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға