Үкіметте мемлекеттік органдардың цифрлық бастамалары талқыланды
Қазақстанда азаматтар мен бизнес үшін бірқатар жаңа цифрлық сервисті іске қосу және «Электрондық үкіметтің» архитектурасын жаңғырту жоспарланып отыр. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссия отырысында осы және басқа да мәселелер қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметке сілтеме жасап.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың биыл іске асыру жоспарланып отырған 66 цифрлық бастамасының тізбесі пысықталғанын баяндады.
Олардың ішінде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптаманы цифрландыру, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін бірыңғай цифрлық кезекті іске қосу, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алу бойынша Vet Mobile қосымшасын енгізу, әскерден босату немесе оны уақытша кейінге қалдыру рәсімін автоматтандыру, нотариалдық қызметтерді электрондық форматқа көшіру қызметтері бар.
Осы бастамаларды іске асыру азаматтар мен бизнестің күнделікті өмірдегі мәселелерін шешуге бағытталған, енді олар қағазбастылыққа салынып, табалдырық тоздырмайды және ұзақ уақыт кезек күтпейтін болады.
Сонымен қатар тұрғын үй алуға цифрлық кезек енгізу, онлайн режимде еңбек шарттарын жасасу және мобильді қосымшада жеке тұлғалар үшін кедендік декларациялаудан өту мүмкіндігі, азаматтарды медициналық профилактикалық қызметтерді алу қажеттігі немесе өз өңірінде жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы хабардар ету (push-хабарлама), жанар-жағармай құю станциясында мұнай өнімдерінің бар-жоғын тексеру бойынша сервисті және т.б. іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар деректермен жұмыс істеу мәселесі талқыланды, ол – бюрократиядан арылтудың негізгі элементі, осы орайда азаматтардан түрлі мәліметтер сұратылмауы керек.
Премьер-Министр ұсынылған бастамаларды мақұлдады, сондай-ақ цифрландыруды ілгерілету және қызмет көрсетудің проактивті форматын кеңейту халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізетінін атап өтті.
Сондай-ақ отырыста жер қатынастарын цифрландыру барысы қаралды. Осы жұмыс аясында Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланып отыр, оның негізінде жер ресурстарының жария кадастрлық картасы және электрондық сауда алаңы іске асырылатын болады.
Әлихан Смайылов АШМ-ге ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру процесін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
Одан бөлек, отырыс барысында республика өңірлерін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және 5G желісін таратудың техникалық мәселелері талқыланды, сондай-ақ сапалы құрылымдалған деректер негізінде мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау тәсілдері қаралды.