Үкіметте көкөніс бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды

Премьер-министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс кеңесін өткізіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі жағдайын талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтері бойынша, осы жылдың ақпан айында ӘМАТ бағасының өсу индексі 1,3%-ға дейін баяулаған. Сонымен қатар бес тауар түрі: күріш (-2,9%), жұмыртқа (-1,4%), ұн (-0,8%), макарон өнімі (-0,4%) және қарақұмық (-0,2%) бойынша баға төмендеді. Жыл басынан бері көкөніске бағаның маусымдық өсуі байқалуда.
Өңірлерде қордағы өнімдерді сату жұмысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков 156,9 мың тонна жалпы көкөніс қорының 53,9 мың тоннасы сатылғанын, қазіргі сәтте 92,5 мың тонна көкөніс қоры қалғанын хабарлады.
Жүргізілген түгендеулерден кейін қоймалардағы картоп қоры 47,6 мың тоннаны, сәбіз – 16 мың тоннаны, пияз – 14,6 мың тоннаны, қырыққабат – 14,1 мың тоннаны құрап отыр», — деп министр.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, бұл қорларды сату жұмыстары жалғасуда. Министр орынбасары нарыққа өнімдерді аз жеткізген, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тиімсіз реттейтін өңірлердің жұмысын сынға алды. Атап айтқанда, елорданың ірі сауда желілерінің бірінде ақпан айында картоп жеткізу кешіктірілгені байқалды. Осыған байланысты Сауда комитеті мен «ҚТЖ Экспресс» АҚ көмегімен аталған көкөністі жедел жеткізу жұмысы ұйымдастырылды.
Серік Жұманғарин басқа өңірлерде мұндай жағдайлардың алдын алу үшін картоп және әлеуметтік маңызы бар өзге де тауарлар қорына тексеріс жүргізуді тапсырды.
Тұрақтандыру қорларындағы өнімді сату, маусымаралық кезеңнің басталуына байланысты жекелеген аймақтарда импортталған картопты жеткізу басталды. Сонымен қатар аумақтық сауда департаменттері ӘМАТ-қа сауда үстемесін бақылау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жыл басынан бері және 27 ақпандағы жағдай бойынша 842 сауда нысаны сауда үстемесін асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
