Жаңалықтар

Үкіметте бағаны тұрақтандыру мәселесі талқыланды

Үкіметте бағаны тұрақтандыру мәселесі талқыланды
Фото: Primeminister.kz 09.09.2023 21:20 953

Алдағы маусымаралық кезеңде және қыста еліміздің тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін оңтүстік өңірлерде көкөніс жәрмеңкелері өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте қарқынды егін жинау науқаны кезінде осы және басқа да негізгі азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабековтің хабарлауынша, 14 қыркүйекте Жамбыл облысында пияз жәрмеңкесі жоспарланған. Оған барлық өңір мен ірі сауда желілері шақырылды.

Пияз бағасы төмен кезде өңірлер белсенді түрде қажетті көлем бойынша келісім-шарт жасасуы қажет, - деді Әбілдабеков.

Сауда комитетінің төрағасы электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) арқылы өндірушіден дүкен сөрелеріне дейінгі ӘМАТ-қа баға белгілеу тізбегін талдау жөніндегі ведомствоның жұмысы туралы ақпарат берді.

Жыл басынан бері 814 тізбекке талдау жүргізілді, 146 факт бойынша сауда үстемесінен асыру тәуекелдері анықталды. Кейбір аймақтарда бірінші санаттағы жұмыртқалардың бағасы қатты өскен. Біз 5 өндіруші бойынша ЭШФ-ға жан-жақты талдау жүргіздік, “Воробьев А.А.” ЖШС жұмыртқа бағасын рұқсат етілген үстемеден асырғаны анықталды, ол құс фабрикасынан және басқа көтерме саудагерден жұмыртқа сатып алып, одан 35%-дан 131%-ға дейін пайда көріп отырған. “DOSAUTO KZ” ЖШС “Адель Кус” ЖШС-дан жұмыртқа алып, сату кезінде оған 71% үстеме қосып отырған, - деді комитет басшысы. 

Күріш бойынша баға жағдайын бөлек қарастырылды. Өткен аптада ӘМАТ бағасының 0,1%-ға төмендеуіне қарамастан, күріштің құны 1,1%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың мәліметінше, қазіргі уақытта осы жылдың маусым айында Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесіне қарамастан, 4 өңір ғана (Ақмола, Қостанай және Түркістан облыстары, Шымкент қ.) осы жарманың үш айға қажетті көлемі бойынша келісім-шартқа отырған. Аутсайдерлер – ШҚО (қажеттіліктен 9%), БҚО – 22%, Ақтөбе – 36%.

Сондай-ақ кеңесте еліміздегі жеке меншік көкөніс қоймаларын есепке алу мәселесі талқыланды, бұл көкөністермен қамтамасыз ету бойынша статистика мен талдау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин көкөністерді сақтайтын барлық нысанды есепке қою бойынша жұмыс жүргізуді, өңірлерге тұрақты бағаны қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарларының қажетті қорын қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға