Жаңалықтар

Үкіметке МӘМС жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтау тапсырылды

Үкіметке МӘМС жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтау тапсырылды
Фото: Ақорда 28.01.2025 13:12 316

Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамытуды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады, - деді Тоқаев.

Президент әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды да жалғастыру керектігін айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс, - деді ол.

Мемлекет басшысы өңірлерде ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүргізілмей жатқанын алға тартты. Бұл жұыстарды келесі жылдың соңына дейін тапсыру керектігін бас айтты.

«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ.

Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, - деді президент.

Сонымен қатар мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке туралы сөз қозғады.

Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет, - деді мемлекет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға