Жаңалықтар

Үкімет Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын қалай жүзеге асырады?

Үкімет Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын қалай жүзеге асырады?
Фото: t.me/senate_kz 25.04.2024 16:46 592

Сенатор Нұртөре Жүсіп еліміздің премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында жол бойындағы жасыл желектің аздығы туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенатордың сөзінше, халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 25 мың шақырымды құрайды. Алайда, оның 6,3 мың шақырымы ғана жасыл желекпен қамтылған. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында әлемдік стандарттарға сәйкес автомагистральдар салынды. Дегенмен, қазіргі кезде жол бойын көгалдандыру мәселесі тиісті деңгейде дамымай отыр.

Бүгінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының барлық желісі бойынша «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының тек Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстық филиалдарында 5 ағаш отырғызу учаскесі бар. Қалған аймақтарда бұл да жоқ. Аталған мекемелер бұрын егілген орманды баптау жұмыстарымен ғана шектеліп отыр. 2021-2023 жылдары  республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 3 мың түп ағаш пен көшет отырғызылған. Атап айтқанда, Алматы облысында 253 шақырым жолға 1,2 мың түп, Қарағанды облысында 982 шақырым жолға 1,6 мың түп тиіп отыр. Алайда бұл жалпы көлемге шаққанда тым мардымсыз, - дейді сенатор.

Нұртөре Жүсіп жол бойын көгалдандыру жұмысының кенже қалуының тағы бір ықтимал себебін атап өтті. Ол көгалдандыру ұйымдарымен, ғылыми институттармен және ботаникалық бақтармен ынтымақтастықтың жоқтығы. Сенатор осыған байланысты Үкімет атына бірқатар нақты сауалдар жолдады.

Ботаникалық бақтардың ғылыми әлеуетін пайдалануға Үкімет ниетті ме? Республикадағы автомобиль жолдары мен теміржолдарға жауапты мекемелер, сондай-ақ елді мекендер мен қалаларды көгалдандыруға жауапты ұйымдар өз қызметтеріне еліміздің осындай әлеуетті ғылыми ұйымдарын қашан тартады? Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» деген бастамасын елдің барлық аймақтарында жедел жүзеге асыру үшін Үкімет қандай нақты шараларды қолға алғалы отыр?, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға