Үкімет пен AMANAT партиясы «Әкімдер мектебін» іске қосты
![Үкімет пен AMANAT партиясы «Әкімдер мектебін» іске қосты Үкімет пен AMANAT партиясы «Әкімдер мектебін» іске қосты](/storage/storage/element/2025/02/10/mainphoto/141825/1200xauto_JLpl1UPEaiMd5AETLR17Gt9jffK95kcM4BncRg6G.jpg)
«AMANAT» партиясының базасында Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі Сараптамалық орталығы ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Партия мәліметінше, ол «Әкімдер мектебі» жобасын жүзеге асырумен, басқару процестерін цифрландырумен, аудандық және ауылдық округ әкімдеріне экономикалық даму бағдарламаларын іске асыруға көмектесумен айналысады. Орталықтың жұмысымен Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов танысты. Іс-шараға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты.
Белгілі болғандай, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында тікелей сайланған әкімдердің жаңа санаты – сайланбалы басқарушылар пайда болғанын атап өтті. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да мамандар бар. Сондықтан президент «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескере отырып, «Әкімдер мектебі» оқу жобасын іске қосуды тапсырды.
Әкімдерді тікелей сайлау – бұл президенттің негізгі реформаларының бірі, елді одан әрі демократияландыру жолындағы үлкен қадам. Қоғам сайланған әкімдермен бірге өзекті мәселелерді шешуге белсенді түрде кірісе бастады. Сайлауда жеңіске жеткендердің басым көпшілігі – біздің партияның өкілдері. Енді олардың басты міндеті – сайлаушылардың сенімін ақтау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, партия Үкіметпен бірлесіп, сайланған әкімдерді жаңа құзыреттерге, заңдармен және бюджетпен жұмыс істеуге үйрететін болады. Мұның барлығы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін күнделікті жұмыста көмектеседі, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері ауылды жан-жақты дамыту – мемлекет басшысының саясатының басымдығы екенін атап өтті. Осыған байланысты өткен жылы «AMANAT» партиясы елдің барлық өңірлерінде жаңадан сайланған ауыл әкімдерінің форумдарын өткізді. Бұл іс-шараларға облыс әкімдері қатысып, сайланған басшылардың алғашқы жұмыс қорытындылары жасалды. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейту, соның ішінде олардың бюджеттерін ұлғайту бойынша ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, енді ауыл әкімі көше саудасы, қоғамдық орындарды реттеу мәселелерін әкімшілік тұрғыдан басқара алады, сондай-ақ ауыл бюджетіне жеке және заңды тұлғалардың мүлік, жер, көлік салықтары түседі.
Өз кезегінде Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесін басқаратын вице-премьер Қанат Бозымбаев ауылдық әкімдердің дербестігін күшейту бойынша жүйелі шаралар қабылданатынын атап өтті. Цифрландыру арқылы әкімдер бірыңғай ақпараттық жүйелерге қол жеткізіп, тұрғындардың саны, мал басы, жеке қосалқы шаруашылықтардың жағдайы және басқа да параметрлер бойынша толық статистикалық ақпаратқа ие болады. Вице-премьердің айтуынша, әкімдерде жеткілікті қаржылық құралдар болуы маңызды, сонда олар қажетті нәтижеге қол жеткізе алады.
«AMANAT» партиясы бастамашылық еткен және Үкімет пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бірлесіп іске асырып отырған «Әкімдер мектебі» жобасы 2400-ден астам аудандық және ауылдық округ әкімдерін қамтиды. Оқу курсы, басқа да тақырыптармен қатар, ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу және оларды тәжірибеде қолдану әдістемесін үйретуге бағытталған. Әкімдер өз ауылдарының экономикалық мамандандырылуын анықтауды, сондай-ақ өнім өндіруден бастап, оны сертификаттау мен сатуға дейінгі тікелей тізбекті құруды үйренеді.
«Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен және алдағы жоспарлармен бөлісті. Соңғы екі жыл ішінде 840 мың адам оқытудан өтті, оның ішінде 70 мыңы заңгерлік көмек алды. Енді жобаны кеңейту мақсатында офлайн оқытумен қатар, курстар онлайн форматта да қолжетімді болады. Сонымен қатар заңгерлік кеңесті міндетті оқусыз алуға мүмкіндік туады, ал халықтың ыңғайлылығы үшін «Қарызсыз қоғам» жобасының call-орталығы ашылады.
Мамыр айының соңына дейін Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі «AMANAT» партиясымен бірлесіп, елдегі барлық ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлейді және әкімдерді олардың бағдарламаларын іске асыру барысында сүйемелдейтін болады. Сондай-ақ орталық жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген өнімдерді сертификаттау және оларды ұйымдастырылған сатып алулар мен сауда желілері арқылы сату мәселелерімен айналысады.
![Telegram](https://el.kz./static/site/images/tel26.png)