Жаңалықтар

Үкімет мектеп қауіпсіздігіне баса назар аударуда

Үкімет мектеп қауіпсіздігіне баса назар аударуда
Фото: sk-news.ru 10.03.2023 17:49 1088

Соңғы кездері қоғамымызда мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жиі сөз етіліп жүр. Мұның да жөні бар. 2019 жылы Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында оқушы қыздың зорлыққа ұшырауы жұртшылықты дүр сілкіндірген болатын.

Мұнан кейін 2021 жылы Татарстанның Қазан қаласындағы мектептердің бірінде жас жігіттің тоғыз адамды атып өлтіргені бүкіл әлемге тарады.

Осы оқиғаға орай Татарстанда ел басшылығының шешімімен 2021 жылдың 11-12 мамыры аза тұту күні деп белгіленді, басқадай шаралардың бәрі тоқтатылды.

Әлемнің әр түкпірінде орын алып отырған осындай төтенше сипаттағы оқиғалар мектептегі қауіпсіздік мәселесінің маңызды екендігін білдіреді. Мұндай оқиғалар дамыған АҚШ пен Еуропа елдерінде де болып тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын Мичиган, Калифорния, Техас штаттарында оқушылардың өз сыныптасын атқаны, оқытушыларын соққыға жыққаны, қарулы қақтығыстардың орын алғаны туралы ақпараттар тараған еді. 

Сарапшылардың айтуы бойынша 2009-2018 жылдар аралығында АҚШ-та кем дегенде 177 мектепте қарулы қақтығыс орын алып, осы оқиғалардан 242 адам жараланып, 114 адам қаза болған. Осындай оқиғалар үлкенді-кішілі қалалардағы мектептерде ішінде, сондай-ақ сабақтан қайтып келе жатқанда және мектептің тұрақтарында болған. АҚШ сарапшыларының тұжырымынша мұндай қайғылы оқиғалар мектеп оқушыларының, соның ішінде бозбалалар мен бойжеткендердің қиыншылықтар мен өздеріне қарсы жасалатын әрекеттерге төзімсіздігі және басқаларға күш көрсетуге әзір тұруынан туындайтын көрінеді. Көп жағдайда күні бойы смартфондар мен планшеттерге телміріп, түрлі ойындарға беріліп, өзімен өзі оқшауланған балалар шынайы өмірдегі кейбір шиеленістермен бетпе-бет келгенде әлсіздік танытып, сабыры мен төзімін таусып алады, содан күрт әрекеттерге барады екен, яғни есе қайтарудың бір жолы ретінде суық қаруға жүгінетін көрінеді. Нәтижесінде, қайғылы жағдай кикілжің мен қақтығысқа қатысушылардан бастап оның сыныптастарын, мұғалімдерді,  мектеп қызметкерлерін, бүкіл оқушылар мен олардың ата-аналарын қамтып, үрей, қорқыныш, агрессия туғызады.

Тіпті басқа елдердегі жағдайларды айтпағанда, мектептерде осыған ұқсас оқиғалардың орын алуы біздің елімізде де көрініс беріп жүр. Мәселен осыдан біраз бұрын ғана Солтүстік Қазақстан облысының орталығында мектеп оқушысының бірнеше адамды жарақаттауы жұртшылықты тағы да тіксіндіріп тастады.

Мектептегі қауіпсіздік мәселесінің төтенше сипаты барлығы осы оқиғадан кейін халықты да, билік органдарын да қатар ойландырып, жедел және жүйелі шешімдер қабылдауға әкелді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында болып өткен аты шулы оқиғадан кейін ел Үкіметіне тиісті тапсырмалар беріп, мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты тиісті шешімдер қабылдау қажеттігін ескерткен еді. Осындай оқиғаларға орай соңғы жылдардың ішінде мәселе Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды.

Жуықта Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі тағы да қаралды. Онда баяндама жасаған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек соңғы уақыттар жоғарыда баяндалғандай төтенше қауіп-қатерлердің алдын алуға бағытталған шаралардың жөнінде молынан баян етті.

Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаев мәлімдегендей, білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты кешенді әдістер қолданылады, олар бейнебақылау жүйесін орнатуды, оларды ЖБО-ға қосуды, лицензияланған күзет қызметімен және дабыл түймелерімен қамтамасыз етуді қамтиды.

Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында министрлік кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Бірқатар нормативтік құқықтық актілер қабылдады. Солардың ішінде «Білім беру саласындағы террорлық әрекеттерге тойтарыс беруге әлсіз нысандарды қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық», «Білім беру ұйымдарына енгізуге тыйым салынған заттар тізбесі», «Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырудың стандарттары» және басқа да құжаттар бар.

Сонымен қатар, биылғы ақпан айында Білім беру ұйымдарының өткізу режимі бойынша Үлгілік ереженің жаңа жобасы әзірленді.

«Министрлік білім  беру ұйымдарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізіп келеді. Мониторинг қорытындылары Үкімет деңгейінде жүйелі түрде қаралады. Бақылау-қадағалау бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мектептерді қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуде алға басушылық бар. Осы жұмыстар бойынша оң өзгерістер байқалуда», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.

Мәселен, оның айтуына қарағанда, 2020 жылмен салыстырғанда қазіргі уақытта мектептердің бейнебақылау жүйелерімен қамтамасыз етілуі – 2, 5 есе, жедел басқару орталықтарына қосылуы – 11 есе, лицензияланған күзетпен қамтылуы – 7 есе, дабыл түймелерінің орнатылуы – 21 есеге артқа түскен.

Сонымен қатар 2023 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша білім мекемелері бейнебақылау жүйелерімен 100% қамтылған. Қазіргі күні әкімдіктер оларды Нұсқаулықтың жаңа талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүргізуде. Ал жедел басқару орталықтарына 6 мыңға жуық білім ошақтары қосылған. Лицензияланған күзетпен 2 мыңға жуық мектеп қамтылса, 2400 ден аса білім беру нысандары дабыл түймелерімен жарақтандырылған.

Министр бұл жұмыстардың, 2023 жылдың қыркүйегіне дейін толық аяқтауы қажет екендігін айтты.

Қазақстандағы білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов та баяндады. Оның сөзінше, бұрын террорлық әрекеттерге тойтарыс бере алмайтын білім нысандары тізіміне кемінде 200 адамнан тұратын оқу орындары кірген екен. Республика бойынша барлығы 6, 5 мың осындай нысан болған. 2021 жылы бұл өлшемдер қайта қаралып, қойылып отырған жаңа талаптарға сәйкес енді тізімге 100 адамнан тұратын шағын мектептер де енгізілген. Сөйтіп мектеп қауіпсіздігін бақылауға алу, оларды осы бағыттағы жаңа талаптарға сәйкестендіру күшейе түскен. Міндет жүгі ауырлаған.

Енді 700-ден астам білім беру ұйымдары мен облыс орталықтарының барлық мектептері лицензияланған күзет қызметтерімен шартқа отырулары, яғни осындай мамандандырылған күзет қызметімен қамтылуы керек және бұл мектептерде турникеттердің болуы қажет.

Үкімет отырысында мақаламыздың басындай айтылғандай мектеп оқушыларына қарсы қауіп-қатер орын алған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров та есеп берді. Ол жасөспірімнің Петропавлдағы №4 мектеп оқушыларына жасаған шабуылы кезінде зардап шеккен балалардың жағдайы туралы баяндап берді.

Отырыс қорытындысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов сөз сөйлеп, мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқу процесін цифрландыру бағытында тиісті мемлекеттік органдарға қосымша тапсырмалар берді. Балалардың қауіпсіз өмірін қамтамасыз ету, білімнің сапасын арттыру мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін еске салды.

Әрине, бұл мәселе Үкімет пен қатар бүкіл қоғамымызды толғандыруда. Өйткені Татарстан Қазанындағы қанды оқиғадан кейін мектеп қауіпсіздігіне қатысты Қазақстан жұртшылығы едәуір алаңдаушылық білдіре бастады. Бұл мәселені талқылауға депутаттар да белсене қатысты.

Мәселен Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат А.Линник аталған мәселеге байланысты Қазақстан Үкіметіне сауал жолдады. Ол көптеген мектептерде күзет қызметінің алаңдаушылық деңгейде екендігін айтты. Әдетте мектептердің көпшілігі бұл іске жүрдім-бардым қарайды. Жұмысқа жастар келмейтіндіктен көбінесе зейнет жасындағы егде адамдарды алады. Олардың күзетші деген аты болмаса, егер мектепте оқыс жағдай орнай қалған болса, оларды ауыздықтауға шамасы жоқ. Күзет қызметіне тән әрекеттер жасамайды. Демек мектептерді туындауы мүмкін террорлық әрекеттерден қорғану, олардың алдын алу мүмкіндіктерін қайта қарастыру қажет. Бұл үшін мектептердің күзет қызметін, сондай-ақ оқушылармен жұмыс істейтін психологтар қызметін жақсарту қажет. Бұл іске мамандандырылған күзет қызметін тарта отырып, олардың алдына мектептің мүлкі мен аумағын ғана емес, сонымен қатар сол мектепке баратын оқушыларды және оқытушыларды қорғау ісін де қоса тапсыру керек. Депутат мәселені Парламент Мәжілісінде көтеруімен қатар, Үкіметке осындай мағынада сауал жолдады.

Сондай-ақ Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Тәжмағамбетова да аталған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Қазан қаласындағы оқиғаның кез келген елде қайталануы мүмкін екендігін айта отырып, қазіргі өзгеріс үстіндегі әлемде түрлі ақпараттардың, әртүрлі жаңалықтардың қалың легінің пайда болуы балалардың санасына әркелкі әсер ететіндігін, тіпті қысым көрсететіндігін, сондықтан қазіргі кезде бас буынды – балалар мен жасөспірімдерді қоғам мен өмір дағдарысына қорғау – мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі болуы керек деген пікірін білдірді. Ол бұл мәселе туралы өз ойларын әлеуметтік желілерде де жазды.

Байқап қарасақ, балалардың өмірінің барынша қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне мемлекет басшылығы пен Үкіметтің, жұртшылықтың жиі назар аударуы, сонымен қатар осы іске және оқу процестерін, жалпы экономикамызды цифрландыруға мемлекеттің қомақты қаржы шығындауға бет бұруы мәселенің маңызымен бірге мемлекетіміздің адамгершілік пен гуманизмді алға ұстай бастағандығын көрсететіндей. Өкінішке орай, көбіміз мұны аңғара бермейміз. Ал сырт көздер бірден байқауда. Жуықта таксиге отырғанымда, оның жүргізушісі жақында ғана Ресейден келген орыс азаматы болып шықты. «Қазақстанға келгеніңізден бері біздің елімізден қандай жақсылық, қандай жамандық байқадыңыз. Әрқайсысынан өз көңіліңізге әсер еткен бір-бір мысал келтіріңізші» деп сұрадым одан.

«Байқаған ең үлкен жетістігім, сіздер цифрландыру саласында көп алға кетіп қалыпсыздар. Сіздердегі Каспий банкінің жұмысы таңғаларлық жағдайда жолға қойылған екен. Қаладағы автобустардың жұмысы да бір орталықтан цифрлық деңгейде басқарылуы да керемет. Ақылды аялдамалар деген көп екен. Осы жағдай менің көңіліме үлкен әсер етті. Ресейде қанша тұрып келе жатсам да мен мұндайды ол жақта көргем жоқ. Ал байқаған үлкен кемшілігім қаладағы машиналардың жүрісі болды, олар мүлдем тәртіпсіз жүреді. Сондықтан жалпы қозғалыста ортақ бір үлесім жоқ. Шамасы, жол-көлік оқиғаларының да көбейіп кеткені, көлік кептелістерінің жиі туындайтыны да осыдан болу керек. Әйтпесе көшелеріңіз кең. Маған сіздердегі көпшілік жүргізушілердің көлік жүргізгендері ұнамайды», – деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға