Үкімет экономиканың нақты секторын ауқымды қаржыландырады

Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және экономикаға инвестициялар тарту туралы тапсырмасы бойынша Үкімет қаржылық даму институттары арқылы ШОБ өңдеу өнеркәсібі және ірі бизнес саласындағы инвестициялық жобаларды, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін және құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау, жүк тасымалдау, негізгі жобаларды, ШОБ дамыту үшін экоорта қалыптастыратын инфрақұрылымдық және кластерлік жобаларды қолдаудың ауқымды науқанын бастайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2025 жылы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамытуға және 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін одан әрі 10 трлн теңгеге дейін арттыра отырып, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға 8 трлн теңге бағыттайды.
Ауқымды қаржыландыру шеңберінде бизнесті, экспорттық мүмкіндіктерді дамытуға бағытталған қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылады, қаржыландыру және әлеуметтік бастамалар құралдары кеңейтіледі.
ШОБ пен ірі бизнесті қолдау үшін екі кепілдік қоры құрылады. ШОБ-ты қолдау үшін 2025 жылы «Даму» кепілдік қоры құрылады. Бұл үшін «Даму» функциялары жаңа міндеттермен толықтырылады, кепілдік беру құралы бойынша өнім желісі кеңейтіледі, ұсынылатын кепілдіктердің мөлшері ұлғайтылады, кепілдендіруге жататын экономика секторларының (ЭҚЖЖ) тізбесі кеңейтіледі. Жаңа өнімдерге кепілдіктерді қайтарымсыздық және шартсыздық қағидаттары бойынша шығару жоспарлануда. Кепілдік қорын құру мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені қосымша қаржыландыру көздерінен қаражат тарту есебінен азайтады, бизнес субъектілерін кепілдік беру түріндегі қолдау шарасымен қамтуды ұлғайтады және банктердің өтімділігін экономикалық айналымға тиімді тартуға мүмкіндік береді. Кепілдік қорын іске қосу 2028 жылға қарай кепілдіктер портфелін 1 трлн теңгеге дейін арттыруға (2023 жылмен салыстырғанда +148%) және жыл сайын 50 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік береді (2023 жылы кепілдік беру құралы арқылы 8 212 жобаға қолдау көрсетілді). 2025 жылы «Даму» қоры 1,7 трлн теңгені құрайтын ШОБ-тың кемінде 30 мың жобасына қолдау көрсетеді. Бәйтеректің ірі бизнеске арналған кепілдік қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды кепілмен қамтамасыз етудің жеткілікті болуы мәселесін шешеді. Жобаны қаржыландыру кезінде екінші деңгейлі банктердің және/немесе ҚДБ-ның несиесі жоба құнының 80%-ын құрауы мүмкін. Кепілдік беру кепілмен қамтамасыз етудің жеткілікті болуы мәселелерін шеше отырып, жоба құнының 30%-на дейінгі сомаға берілетін болады.
Бәйтеректің қаржыландыру сомасы 7,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2025 жылға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Холдингтің кепілдігі 2,2 трлн теңгеге немесе 30%-ға дейін жетуі мүмкін, оның ішінде 1,1 трлн теңгеге дейінгі кепілдік 2025 жылға қарастырылған. Бұл ретте 50% – болашақ бизнес-серіктестің кепілдігі. Бәйтерек жобаның капиталына кіре алады, содан кейін кәсіпкердің жеке қатысу мөлшері 20%-дан төмен болуы мүмкін. Осылайша, ірі жобаларда кепілмен қамтамасыз етудің жетіспеушілігі мәселесі шешілуде.
Ірі бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін құны 7 млрд теңгеден басталатын жобалар бойынша кепілдіктер берілетін болады.
Екінші деңгейлі банктер үшін бұл несиелендіру көлемінің ұлғаюын және кепіл көлемі жеткіліксіз болған кезде несиелендіру тәуекелдерінің төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кепілдіктер беру өңдеу өнеркәсібі секторларында жоспарланып отыр. Кепілдіктердің қайтарымсыздығы банктердің қызығушылығын арттыруға, ал бизнес субъектілері үшін кепілдіктердің ақылы болуы кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге арналған.
Корпоративтік/жобалық қаржыландыру – «Қазақстанның даму банкі» АҚ (ҚДБ) тек қана ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға қайта бағдарланады. Холдингтің еншілес компаниясы – Qazaqstan Investment Corporation АҚ (QIC) кәсіпкерлерге үлестік қаржыландыру мүмкіндіктерін ұсына отырып және бизнестің мемлекеттік саясаты мен инвестициялық міндеттемелеріне қойылатын талаптарды ескере отырып, жобаларды іске асыруда толыққанды әріптес ретінде private equity дамытуға назар аударады.
Экспортты кеңейту – сыртқы нарықтарды дамыту стратегиясы шеңберінде сауда қорын және экспортты қолдаудың арнайы құралдарын әзірлеу жоспарланып отыр. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ-ның сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік құралдары және композиттік қызметтер бойынша қызметі кеңейтілді, бұл қазақстандық компанияларға бәсекеге қабілетті өнімдермен жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Бәйтерек» холдингі екінші деңгейлі банктермен және халықаралық қаржы институттарымен бірге еліміздің экономикалық дамуына және мемлекет басымдық беріп отырған, оның ішінде отандық тауар өндірісін қолдауға бағытталған инфрақұрылымдық бағдарламаларды қаржыландыруға дайын.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы инженерлік желілердің тозуын төмендету жөніндегі мәселелерді уақтылы шешу мақсатында инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгеден асатын ескірген инфрақұрылымды ауқымды жаңарту көзделіп отыр, оның 4,7 трлн теңгесі Холдингке тиесілі.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және салу шеңберінде елішілік құндылық үлесін арттыру үшін отандық өндіріс тауарларын пайдалануды күшейту жұмыстары жүргізіледі. Бұл тәсіл ішкі бәсекеге қабілеттілікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және жалпы нарықтағы «жергілікті» кәсіпорындардың ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
➤ Жаңғырту мен құрылыстың белсенді кезеңі басталғанға дейін инфрақұрылымды жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы туралы отандық тауар өндірушілерді ақпараттандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
➤ Отандық тауар өндірушілер өнімін шығаруға шамамен 4,9 трлн теңге қажет болады.
Сонымен қатар Үкімет жекелеген салаларды дамыту мақсатында жекелеген салаларда – IT, логистика, туризм, жеңіл өнеркәсіп, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын өндіру, машина жасау салаларында «инвестицияларға тапсырыс» жариялайды. Мүдделі тұлғалар Ұлттық экономика министрлігінің Экономика салаларын дамыту департаментіне, «Даму» қорына, «Бәйтерек» холдингіне жүгінуі қажет.
