Жаңалықтар

Үкімет экономиканы цифрлық трансформациялау жұмыстарын жалғастырады

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында айтты
Үкімет экономиканы цифрлық трансформациялау жұмыстарын жалғастырады
Фото: primeminister.kz 18.10.2022 19:24 1995

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысын өткізді. Бұл туралы El.kz Үкіметтің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-Министр бүгінде елімізде қазақстандық және шетелдік инвесторларға преференциялар алу үшін тең жағдайлар жасалғанын атап өтті. Оған қоса, іскерлік ахуалды одан әрі жақсарту үшін Үкімет 2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын қабылдады, ол қосылған құны жоғары тауарлар өндірісінің артуын ынталандырады.

Сонымен қатар Үкімет басшысы фискалдық реттеуді қайта қарау, мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыру, экономиканы декарбонизациялау және цифрлық трансформациялау жұмыстары жалғасатынын айтты.

Отырысқа қатысушылар Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының қызметі туралы есеппен танысты. Атап айтқанда, инвестициялық саясатты, энергетиканы, экологияны және мұнай-газ саласын іске асыру, цифрландыру, еңбек заңнамасы, адами капиталды дамыту және шетелден жұмыс күшін тарту мәселелері талқыланды.

«Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» Қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, ҚР-дағы «ТотальЭнерджис» басшысы Фруде Юнес, ҚР-дағы «КНАУФ» компаниясының өкілі Димитри Пропп, ҚР және Орталық Азиядағы «KPMG» басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев, Орталық Азия өңірі бойынша «Эни» компаниясының өкілі Лучано Васкес баяндама жасады.

Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, сондай-ақ ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов қатысты.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр инвесторлар айтқан барлық ұсыныстар мен мәселелер пысықталатынын атап өтті.

«Біз – қашан да ұсыныстарға ашықпыз. Мүмкіндігінше Үкімет қолдау шараларын, соның ішінде салық бойынша шараларды кеңейтеді. Кеңес мүшелерінен халықаралық тәжірибеге негізделген ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша қосымша ұсыныстар күтеміз», — деді Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға