Жаңалықтар

Үкімет басшысы еліміздегі сауда қызметін цифрландыру бойынша нақты тапсырма берді

Үкімет басшысы еліміздегі сауда қызметін цифрландыру бойынша нақты тапсырма берді
Фото: t.me/KZgovernment 14.01.2025 10:52 198

Премьер-министр Олжас Бектенов электрондық сауда әлемдік экономиканың маңызды сегменті екенін, былтыр 2,7 миллиардтан астам адам тауарларды онлайн сатып алғанын айтып, министрлікке нақты тапсырма жүктеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысының сөзінше, сатылымдардың жалпы сомасы шамамен 6,3 триллион долларға жеткен. Бұл онлайн сауданың елімізде кеңінен танымал екенін көрсетеді. Былтыр онлайн сауданың көлемі 3,2 триллион теңгеден асып, бүкіл бөлшек сауданың 14,5% құраған.

Сала 300 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Ал еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен базардағы сатылымдарға қарағанда 30% асып кетті. Бұл, әрине, ұлттық экономикаға да оң әсер етеді. Біздегі нарықтың ауқымды бөлігін шетелдік интернет-алаңдар алып жатыр. Оларды отандық тауарлар экспортын ұлғайту үшін тиімді пайдалануға болады. Екінші жағынан, тұтынушылардың құқықтары мен зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға байланысты мәселе туындайды, – деді Бектенов. 

Сондай-ақ премьер-министр Қазақстандағы бүкіл сауда қызметін, оның ішінде базарлар мен үй маңындағы шағын дүкендердің қызметін цифрландыру бойынша нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу керектігі жөнінде тапсырма берді. 

Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық саудадағы құқықтарын қорғау деңгейін арттыру бойынша нақты шаралар әзірленуі тиіс. Бұл жұмысты өнімнің сапасына, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізу керек. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, наурыз айының соңына дейін ел ішінде, сол сияқты халықаралық деңгейде тауарларды жеткізудің тиімді тізбектерін қалыптастыруы қажет, – деді Олжас Бектенов. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға