Жаңалықтар

Уимблдон: Юлия Путинцева ширек финалға шыға алмады

Уимблдон: Юлия Путинцева ширек финалға шыға алмады
Фото: ktf.kz 09.07.2024 04:31 717

Қазақстанның екінші ракеткасы, әлемнің 35-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің ширек финалына өте алмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы, латвиялық Елена Остапенкоға қарсы ойнады.

Бұған дейін қарсыластар өзара төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіске жеткен еді.

Бірінші партияда латвиялық теннисші 5:0 есебімен алға шықты. Путинцева есепті сәл қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 2:6. Екінші сетте де Остапенко қарқынын бәсеңдетпей, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Бір сағат 8 минутқа созылған матч барысында қазақстандық теннисші 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Остапенко 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, үшінші айналымда әлемнің 1-ракеткасы, поляк теннисшісі Ига Швентекті ұтқан Ю.Путинцева жеңісті жолын жалғастыра алмады. Дегенмен оның Уимблдонның төртінші айналымына дейін жетуі үлкен табыс деп бағалауға болады.

Жасөспірім теннисшілерді қоспағанда, Уимблдонда Қазақстаннан тек Елена Рыбакина ғана қалды. Ол ширек финалда украиналық Элина Свитолинамен кездеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға