Әуен қалай пайда болды?
Әу бастан әуеннің пайда болуы туралы мыңдаған аңыз туған. Ежелгі гректер әуенді Құдайдың құдіреті деп білген. Ежелгі Грекияда театрлық қойылым, жыр кештері алдында күй ойнап тұрған. Атақты философ, математик Пифагор әуендік акустикаға негіз салған. Музыкалық терминдердің басым көпшілігі бастауын Ежелгі Грекиядан алған. Гректердің ұлы ойшылдары Платон мен Аристотель де әуенге ерекше мән берген.
Ежелгі адамдар расымен әуенді ерекше бір тылсым күш деп түсінген. Құстың сайрауы, ағаштың тербелуі, теңіздің толқыны адамдардың қиялын сан-саққа жүгіртіп, әуен Құдайдың құдіреті деген тұжырымға алып келген.
Алғашқы музыкалық аспаптарға зер салсақ, олар алғашқы қауымның еңбек ету құралдарынан аса ерекшеленбеген. Осылайша адам әуенді, қарапайым еңбек құралдарының арқасында ашты деуге болады. Хор аң аулау кезіндегі бір топ аңның қылықтары арқасында пайда болған. Хор арқылы әуен пайда болған деген болжам бар. Орфей жайлы грек аңызында, Орфейдің ғажайып әнінің арқасында адам мен жан-жануар ғана емес, ағаш пен тау-тас оған бағынған делінеді.
Әуен – адамды сүю мен жек көруге итермелейтін ғаламат күш. Бұл ой ежелгі грек философтарының санасында мыңдаған жыл бұрын туындаған.
Опера
17 ғасыр – опера туған ғасыр. Сол заманның опера жауһары болып музыкалық драманың негізін қалаушы Клаудио Монтевердидің шығармашылығы айтылады. Ал Францияның опера мектебінің негізін салған – Жан Батист Люлли. Ағылшын сазгері Генри Персел болса, нәзік, терең музыка жаза отырып, операны өз Отанында дамытқан. Ұлы неміс сазгері Георг Фридрих Гендель Лондонда бірнеше опера қойған. Дәл осы кісі Бетховенге зор ықпал жасаған.
Бұл дәуірдегі музыкалық аспаптардың патшасы – орган болған. Осы музыкалық аспапқа арнап Д.Фрескобальди, Д.Букстехуде, Г.Гендель, тіпті ұлы И.С.Бахтың өзі әуен жазған.
18 ғасыр – операның жетілу ғасыры. Операның Отаны деп Италия елі саналады. Операның тууы жайлы айтар болсақ, оқиға мынадай болған. 17 ғасырда Барди айналасына дарынды ақын, әртіс, музыканттарды жиып алған. Олар Софокл, Еврипид, Эсхилдің драмаларын өмірге қайта әкелуге бел байлаған. Қойылым үшін ежелгі грек рухы бар музыка жазылуы керек болатын. Музыка жазылды да. Бұл музыка – опера еді. Алғашқы опера ретінде белгілі "Эвридика" Пери мен Каччинидің қаламынан туған. Оны алғашқы опера деп бізге жеткен ең ежелгі опера болғандықтан айтады. Қойылым Флоренцияда қойылған.
Италиядағы атақты Ла-Скала театры
Операның маңыздылығы жоғары болғандықтан, сюжетін де айта кетейік. Орфей сүйікті жары Эвридиканы жоғалтып алады. Эвридика жылан тістеп алып, көз жұмған. Орфей жер астына түсіп, қайтыс болған әйелін қайтарып алғысы келеді. Өзінің ғажайып әуенінің арқасында Орфей Аидадан (билік иесі) Эвридиканы алып кетуге рұқсат алады. Тек бір шарт бар еді: жер асты патшалығынан шықпайынша, Орфей әйеліне көз қырын салмауы керек. Орфей бұл шартты орындай алмай, Эвридиканы екінші рет жоғалтады.
Аңыз қайғылы аяқталады: Орфей қайтыс болады. Бірақ Ринуччини ақын операның либреттосын жазып отырып, аңыздың соңын өзгертіп жіберген. Өзгертілген нұсқасы бойынша, Орфейдің мұнша қайғырғанына тебіренген махаббат Құдайы Эвридиканы өмірге қайта әкеледі.
Орфей мен Эвридика
Осы опера қойылған соң, із суытпай Рим, Неапольда да опера театрлары ашыла бастайды.
1607 жылы Мантуда Клаудио Монтевердидің "Орфей" атты операсы дүниеге келіп, ұлы италиялық сазгердің арқасында опера өнерінің тарихы өз негізін қалайды.
Монтеверди: "Музыка адамның ішінде жатқан барлық байлығын жеткізе алады. Музыка өнерінің негізгі мақсаты адамның көңілін көтеру емес, адамды ой түбіне сүңгітіп, күрмеуі қиын сұрақтарына жауап алуға көмектесу",-деген екен.
18 ғасырда опера демократияшыл өнерге айналып, ірі қалаларда опера театрлары ашылады. Сазгерлер жатпай-тұрмай еңбек етіп, операны дамытқан үстіне дамыта береді. Италия сазгері Алессандро Скарлаттидің бір өзі 200 опера жазып шыққан. Осы сазгердің арқасында күрделі операның негізі қаланған.
Осы заманның көрермендері опералар өмірден алынбаған, қойылымдар қаһармандар ерлігіне құралған деген пікір қалдырған. Расымен опера қаһармандар ерліктерін мадақтап, дауыстың биіктігі мен сұлулығына мән берген.
Бұдан кейін сықақ опера пайда болған. Неапольда туған жанр күлкілі интермедия негізінде қойылған.
Опера пайда болғаннан-ақ ақсүйектер мен бай адамдар операның тұрақты көрерменіне айналған.