ҰБТ-дан жоғары балл жинауға көмектескен 3 адам ұсталды
ҰБТ-дан жоғары балл жинауға көмектескен 3 адам ұсталды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша департаменттері прокуратура органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, өңірлерде Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) және педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) жүргізуге жауапты ұйымның жеке қызметкерлерінің тестілеу процесіне заңсыз араласу әрекетін тыйды.
Оқи отырыңыз:
- «Қабырғасы сынып, бауыры ісінген»: Жамбыл облысында әскерге сау кеткен жігіттің жағдайы мүшкіл
- UFC-ден кеткен Жалғас Жұмағұлов мәлімдеме жасады
Серверлік жабдыққа және басқа да ақпараттық ресурстарға қолжетімдіктерін пайдаланып, күдіктілер арнайы бағдарламаларды қолдану арқылы талапкерлер мен педагогтердің қызығушылық танытқан компьютерлеріне қашықтан қосылып, ақшалай сыйақы үшін оларға тесттен жоғары нәтижелер алуға жәрдем көрсеткен.
19 шілдеде 3 негізгі күдікті ұсталды. Тінту кезінде қашықтан қосылуды қамтамасыз ететін техникалық құрылғылар мен бағдарламалар, ақшалай қаражат және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 207 («Ақпараттық жүйенің немесе телекоммуникациялар желісінің жұмысын бұзу») және 210-баптары («Зиян келтіретін компьютерлік бағдарламалар мен бағдарламалық өнімдерді жасау, пайдалану немесе тарату») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
2022 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін 6 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартқан болатын.