Жаңалықтар

Уақыт белдеуі пайда болғанға дейін әлем елдері қалай өмір сүрді

Уақыт белдеуі пайда болғанға дейін әлем елдері қалай өмір сүрді
Фото: © Pixabay.com 29.02.2024 17:21 1975

Қазақстан 29 ақпаннан 1 наурызға ауған түні бірыңғай уақыт белдеуіне ауысатыны белгілі. Бізде бұған дейін екі уақыт белдеуі қолданылып келсе, бұдан былай ол ортақ болады. Соның өзінде қазір көпшілік арасында уақыттың қалай жылжитынын түсінбей жүргендер бар, әсіресе жолға шығатындар билеттерін қайта-қайта тексеріп әлек. Бірақ құзырлы органдар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хабарламалар жіберіп жатыр.

Осы орайда әлем уақыт белдеуі деген түсінік пайда болғанға дейін қалай өмір сүрді, әлемде уақыт белдеуі ең көп елдер қалай өмір сүреді деген сұрақ туындайды. Ендеше El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Бір кездері адамдар уақытты тәулікпен, аймен, тіпті жылмен өлшеген. Ал осыдан бірнеше ғасыр бұрын адамдар тәулікті таң, кеш және түн деп қана бөлген. Тиісінше кездесу уақытын да күн сәулесінің түсуіне немесе айдың жарығына қарап белгілеп отырған.

Орта ғасырларда сағат пайда болды, адамдар уақытты алдымен сағатпен, сонан соң минутпен есептеуді үйренді.

XIX ғасырда бір елдің ішіндегі қалаларды өзара байланыстыратын темір жолдар пайдалануға берілсе, сонан соң пойыздар ел мен елдің арасын жалғайтын болды. Егер әр пойыздың келу не кету уақыты сол қаладағы күннің түсуіне қарай ғана есептелетін болса, онда апаттардың болуы заңдылық.

Сондықтан XIX ғасырда әлем теориялық тұрғыда сағат белдеулеріне бөлінді. Теориялық дейтініміз, көптеген ел тұрғындары бұл туралы білген де жоқ. Олар таңның атысы, күннің батысы деп әдеттегі өмірін сүруді жалғастыра берді.

Алайда ХХ ғасырда алты құрлықтағы барлық елдің арасында теміржолдармен немесе телефон линиялары арқылы бір-бірімен байланыс орнап, әркім өз сағат белдеуі бойынша өмір сүретінін түсінді.

1918 жылғы 19 наурызда АҚШ Стандартты уақыт жөнінде акт қабылдады. Бұл төрткүл дүниенің әрқайсысының ені 15 градусты құрайтын 24 сағаттық белдеуде өмір сүретінін аңғартатын құжат болатын. Бұл жағдайда күндердің ауысу сызығы 180 градус меридиан бойымен өтеді және ол құрлықты кеспейтіндей етіп етіп арнайы жасалған (Антарктидадан бөлек).

Ең көп сағат белдеуі қай елде

Әлемде уақыт белдеуі ең көп ел – Франция. Мұнда олардың саны 12. Франция аумағы шағын болғанымен, бұл ел кезінде басқыншылық саясат жүргізгенінен хабардар шығарсыздар. Сондықтан Францияның қарамағына өткен көптеген аралда сол уақыт белдеуі сақталып қалған.

Ал әлемде аумағы ең үлкен Ресейде 11 уақыт белдеуі бар. Бірақ бәрі Мәскеу уақытына негізделеді.

Сөйте тұра бірнеше уақыт белдеуінде өмір сүргеніне қарамастан, оны ескермейтін елдер де бар. Мысалы, Қытайда үш сағат белдеуі бар. Дегенмен билік өмірді күрделендірмес үшін ортақ бір сағатты таңдауды жөн көрді. Мұндай шешім ешкімге қиындық туғызбайтын да секілді.

Қысқы және жазғы уақыт белдеуі

Бірақ Қытайдың көзқарасын құп көрмейтіндер де аз емес. Бүгінгі таңда Еуропа, Азия, Солтүстік және Орталық Америкада, Африка мен Австралияда қысқы және жазғы уақыт белдеуіне ауысып отыратын 62 ел және он аумақ бар.

Естеріңізде болса, 2005 жылға дейін Қазақстанда да қысқы және жазғы уақыт белдеуі болатын. 

Еуроодақ ережесіне сәйкес, 2024 жылы жазғы уақыт белдеуіне ауысу айдың соңғы жексенбісінде, яғни 30 наурыздан 31 наурызға қараған түні жүзеге асады.

Еуропалықтар қысқы уақыт белдеуіне қазан айының соңғы жексенбісінде – 26-сынан 27 қазанға қараған түні көшеді.

Мұның бәрі күннің атуы мен батуынан бөлек, энергия үнемдеу үшін қажет деп саналады. Алайда мамандар бұдан ешқандай да үнемнің жоқтығын алға тартуда. Сондықтан қысқы және жазғы уақыт белдеуін пайдалану қаншалықты ұзаққа созылатынын уақыт көрсетеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға