У-СУН ДЕГЕНДІ ДҰРЫС ОҚУ МЕН ƏДІЛ АУДАРУ КЕРЕК
Ең əуелі ескерте кететін мынадай бір жайт бар: Қытайдағы ұлт тарихының əйгілі ғалымы Хəн Рулиң бұл саладағыларға үш талап қойған екен:
1. Белгілі ырғақтану білімі болу, хəн иероглифтерінің ертедегі оқылуын ұғу.
2. Зерттелетін ұлттың тіл-əдебиетін үйрену, оның тіл заңдылығын білу.
3. Əр дəуірдің аудару ережелерін білу.
Мұны айтудағы басты мақсатым - осыған шейін өзге ұлт ғалымдарында бұл талаптардың əсіресе екіншісіне олқылық ауыр болып келгенін ескерту. Олардың кейінде шетелдік зерттеу нəтижелеріне құлақ асу да аз болды. Талай ауытқу міне осыдан келіп жатты. Біз ендігіде мұндай ауытқуларға жол бермеуіміз керек. Бұл Хəн жылнамаларындағы ономастикондарды дұрыс пайдалануға қатты ес қататын болады.
Хəн жылнамаларындағы ономастикондардың əсілін, дұрысын табудың өзі бір күрделі шаруа екені рас. Бұл барыста қисынды ойлам мен нағыз əділдік қажет. Соның бірі «Тарихи жазбалар», т. б. əдебиеттердегі қытайша У-Сүн есімін дұрыс оқудан көрінуі тиіс.
Ежелгі үйсіндердің бүгінгі ұлттармен, əсіресе соған аттас тайпасы бар қазақ ұлтымен қандастығына таяуға дейін бөтен пікірлілер болғанын жоғарыда айттық. Оған да нақты мысал ала кетейік. “Мысалы, қазіргі хəн тілінің фонетикасы бойынша оқылымындағы “У-сүн” (усунь) этнонимін қалпына келтіру мəселесін алатын болсақ, француз ғалымы П. Пеллио, Жапон ғалымы Сакуши Торо т. б. ежелгі “у-сүн” мен қазақтың Ұлы жүзіндегі Үйсін этнонимін теңестіруге келіспейді. Көптеген батыстық жəне бұрынғы кеңестік ғалымдар ежелгі “у-сүн” атауын асси, асиан, асман, исседон т. б. батыстық деректемелердегі этнонимдермен теңестіруді ұсынады. Бұл пікірлерді кейбір Қытай ғалымдары да құптайды (мысалы Юй Тай-шан т. б. )”. Алайда мұндай ойдағылар барған сайын азаюда. Өйткені жай сауатты адамдар үшін де мынау түсінікті жайт. Бүгінгі күллі адамзаттың түп-тұқияны шығыс африкалық алғашқы адамдар. Ал бұлар ұзақ тарих барысында бір-біріне мейлінше араласқан. Ұлы Далалық сақтардан осы жұртында көп ұрық қалғаны да, бұл далалықтардың (соның ішінде оның түрік тілділерінің), таяу маңдағыларға ғана емес, ту сонау Америка құрлығындағыларға да барып сіңгені сықылдылар да дəлелденіп отыр. Демек бұл маңның бүгінгі ұлттарында (соның ішінде қазақтар ішінде) ежелгі үйсіндердің тұқымы жоқ деу күлерлік сөз.
Хəн əулеті жылнамаларындағы У Сүн есімін, Асияни т. б. деп əрсаққа жүгіртудің еш жөні жоқ. Ол тұпа-тура бүгінгі Үйсін дегеннің өз кезіндегі қытайша таңбалануы. Мұндағы У дегенді А деп оқу - не хəн тілі диалектілерін албаты қуалап жаңылысу, не өзге ниеттің белгісі. Хəн иероглиф тарихындағы А ның тарихы Удан да ары жатыр. Мысалы, Қытай жылнамаларында əр дəуірде А иероглифімен жазылған этнонимдер баршылық. Мұны төмендегі сөздерден көресіз:
Аланлу, Аман елі,Оксус, Алудар, Аба тайпасы, Алаш, Аак елі, Алан, Ағуат, Алұн, Аз, Ашнатек, Ашна, Амұртек, Еділ өзені, Асық тауы.
Демек сол кездің өзінде-ақ У ды А орнында қолданудың да, оны Адеп оқудың да қажеті мен қисыны қалмаған.