ТЖМ жыл басынан бері газбен жабдықтау нысандарында 40 тексеру жүргізген
Еліміздің төтенше жағдайлар министрлігі жыл басталғалы бері газбен жабдықтау нысандарына 40 тексеру жүргізген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» тақырыбында баспасөз конференциясында айтылды. Министрліктің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев баяндады.
Ол газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Басты міндет – газдың үздіксіз және қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз ету, ағып кету, апаттар және адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларды барынша азайту. Бұл инфрақұрылымды жаңарту, жүйелі тексерістер жүргізу, қатаң стандарттарды сақтау, сондай-ақ мамандар мен азаматтарды оқыту және хабардар ету сияқты кешенді тәсілді талап етеді.
Бүгінгі таңда еліміздің газификация деңгейі 59%-ды құрап отыр. Яғни 11,6 миллион адам газбен қамтамасыз етілген. Әсіресе батыс және оңтүстік аймақтарда газификация деңгейі жақсы дамыған, алайда Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында газификация деңгейі төмен болып отыр.
Газбен жабдықтау саласындағы апатқа байланысты соңғы статистика алаңдаушылық туғызуда. Оқиғалардың негізгі үлесі жылыту кезеңіне тиесілі: жағдайлардың 70% — газ баллондарына байланысты проблемалар, 25% — улы газбен улану және 5% - басқа оқиғалар. Жылыту кезеңінде көптеген тұрғындар тұрмыстық баллондарды көшеде сақтайды, кейін оларды сұйытылған көмірсутек газының толық булануын күтпестен үйлеріне кіргізіп, газ жабдықтарына қосады, бұл апат қаупін едәуір арттырады, - деді Рашид Дубаев.
Биыл ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің инспекторлары газбен жабдықтау нысандарына 40 тексеру жүргізген. Оның ішінде 479 бұзушылық анықталды. Сонымен бірге, 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, 12 нысанның жұмысы тоқтатылып, 2022-2023 жылдары 190-нан астам тексеру жүргізілді. Сондай-ақ, 1000-нан астам бұзушылық анықталып, 31 іс қозғалды.
Газ жүйелерін тиімді және қауіпсіз пайдалану үшін мемлекет тарапынан бақылау ғана емес, профилактикалық іс-шаралар мен тұрақты тексерулер жүргізу де маңызды. Биыл тұрғын аудандарда 500-ден астам аралау ұйымдастырылды, әсіресе ерекше назар аударуды қажет ететін әлеуметтік инфрақұрылым мен жеке үйлер тексерілді. Сонымен қатар газбен жабдықтаушы ұйымдардың қатысуымен 80-нен астам кеңес өткізіліп, әлеуметтік желілерде 800-ден астам материалдар жарияланды.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Рашид Дубаев сөз соңында газ жабдықтары мен тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезіндегі негізгі қауіпсіздік шараларын атап өтті.