ТЖМ су тасқыны қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізді
Төтенше жағдайлар министрлігі 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, су тасқынына қарсы іс-шараларды іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдарды үйлестіру жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні өңірлерде 2025 жылғы су тасқыны қатерлерін барынша азайту республикалық және өңірлік бағдарламалық құжаттармен (әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарлары және Өңірлерді дамыту жоспарлары, су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі инженерлік жұмыстардың өңірлік жоспарлары) іске асырылуда.
Аталған бағдарламалық құжаттар шеңберінде ел бойынша жергілікті атқарушы органдар су тасқынына қарсы 1200-ден астам іс-шараны іске асырды.
Мәселен өңірлерде 478 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылды, жөнделді және нығайтылды, 125 км дренаждық жүйелер жөнделді және салынды, автомобиль және темір жолдардың астына 837 су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 219 км каналдар мен 334 км арықтар салынды, 75 ГТС ағымдағы жөндеу жүзеге асырылды.
Өзен арнасының учаскелерінде 98 км жаға нығайту, 189 км түбін тереңдету, 126 км түзету, 173 км тазарту жұмыстары жүргізілді.
Осы шаралардың барлығы су тасқынынан қорғау үшін сенімді инфрақұрылым құруға бағытталған.
Бұдан басқа 2024 жылғы су тасқыны кезеңі аяқталғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар ТЖМ аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен учаскелердің тізбесіне түзету және нақтылау жүргізді, 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 1 221 құрады.
Абай облысы ТЖД қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, Семей қаласының шекарасындағы Ертіс өзенінде гидрологиялық жағдайды бақылау жұмыстарын жүргізді. Іс-шараның мақсаты – мұз қату және мұз кептелістерінің алдын алу мен болжам жасау. Визуалды тексеру барысында өзендегі судың ағысы еркін екені, мұз қату мен мұз кептелістерінің жоқ екені анықталды.
Алматы облысының ТЖД мүдделі органдармен бірлесіп «Қазавиақұтқару» Ми-8 тікұшағында облыстың көшкін және су тасқыны қаупі бар учаскелеріне аэровизуалды барлау жүргізді. Мониторинг қысқы және көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Іле-Алатау жотасының көшкін қаупі бар учаскелерінің және Балқаш ауданының су тасқыны қаупі бар аймақтарының жай-күйін бағалау үшін жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ұсынымдар дайындалды, олардың шешімі облыс аумағында су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ететін болады.
Қызылорда облысы ТЖД комиссия құрамында су тасқынының алдын алу мақсатында тікұшақты пайдалана отырып, Сырдария өзенінің мониторингі бойынша жұмыс жүргізілді. Жалпы өңірдегі Сырдария өзеніне құйылып жатқан судың көлемі секундына 410 м3 құрайды. Арал теңізінен бастап Шиелі ауданындағы Тартоғай елді мекенінің тұсына дейін Сырдария өзенінің беткейлерін мұз басқан. Шиелі ауданындағы өзен аумағында 25-30% қабыршақ мұз жүруде. Жергілікті әкімдіктің резервінде шұғыл шығындарға және сеңді-мұзды жару жұмыстарына тиісті қаражат көзделген. Сырдариядағы мұздың жай-күйі тұрақты бақылауда.
Жалпы, су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша іс-шаралар жалғасуда және тұрақты бақылауда.