Жаңалықтар

ТЖМ құтқарушылары елордада және оған іргелес елді мекендерде жаппай рейд өткізді

ТЖМ құтқарушылары елордада және оған іргелес елді мекендерде жаппай рейд өткізді
Фото: ТЖМ 25.11.2024 14:39 348

Бүгін Астанада бірлескен профилактикалық жұмыс аясында елордалық және ақмолалық құтқарушылар елорда мен оған іргелес орналасқан облыстың аудандарында бірлескен рейд өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Негізгі мақсат - өрттердің алдын алу, жеке секторда адам өлімін азайту және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін мүдделі органдармен өзара іс-қимыл тетігін пысықтау. Оның ішінде пешпен жылытылатын тұрғын үйлерге ерекше назар аударылады.

«Елорданың тұрғын секторында және оған іргелес орналасқан елді мекендерде өрт жағдайын тұрақтандыру мақсатында «Біз қауіпсіздік үшін» атты жаппай профилактикалық рейдтер өткізілуде. Жеке үйлер жылу және электр аспаптарын пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан жоғары қауіпті аймақ болып қала береді», - деп ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев атап өтті.

Жылыту кезеңі басталғаннан бері елімізде 913 өрт тіркелді, 41 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алды. Сондықтан мұндай профилактикалық шараларды өткізу аса қажет.

Құтқарушылар волонтерлермен бірлесіп үйлерге барып, тұрғындармен әңгімелесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Тұрғандарға:

  • жылыту құрылғыларын қалай дұрыс пайдалану керек;
  • жарамды электр сымдарының маңыздылығы;
  • өрт сөндіру құралдарының болуының қажеттілігі;
  • өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керек дегендей негізгі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Құтқарушылар өрт қаупін азайту және адамдардың өмірін сақтап қалу азаматтарымыздың қауіпсіздік мәдениетін арттыру арқылы мүмкін болатынын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға