ТЖМ биік ғимаратта өртті сөндіру бойынша бірегей оқу-жаттығу өткізді
Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтің басшылығымен тікұшақтар мен жерүсті күштерін пайдалана отырып, көп қабатты тұрғын үй кешенінде өртті сөндіру бойынша бірегей өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ТЖМ мәліметінше, Астанада өткен оқу-жаттығу көпқабатты ғимараттағы өртті жедел сөндіруге, сондай-ақ "Қазавиақұтқару"авиациясын қолдана отырып, жоғарғы қабаттардан азаматтарды эвакуациялауға бағытталды. Оқу-жаттығу барысында тұрғын үйдің бірнеше қабатын қамтыған өртке қарсы күрес стратегиясы, сондай-ақ түрлі шұғыл әрекет ету қызметтері арасындағы іс-қимылдарды үйлестіру пысықталды.
Сценарийге сәйкес 22 қабатты тұрғын үйдің 10-қабатында қысқа тұйықталу салдарынан басталған өрт тез таралды. Қатты түтін мен жоғары температураның әсерінен жоғарғы қабаттардың тұрғындары бұғатталды. Қала құрылысы жағдайында өртті сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға арналған стандартты техника оқиға орнына жете алмады, бұл авиацияның араласуын қажет етті.
Шартты өртті сөндіруге ТЖД 80-ге жуық құтқарушысы мен 20-ға жуық техникасы жұмылдырылды. Құрлық күштері бірінші қабаттардағы отты сөндіріп жатқанда, Қазавиақұтқару авиациясы адамдарды ғимараттың төбесі мен жоғарғы қабаттарынан эвакуациялауда шешуші рөл атқарды. Eurocopter тікұшағы зардап шеккен адамды эвакуациялау үшін ғимараттың шетіне бірегей қону техникасын қолданды. Сонымен қатар жүк лебедкасы бар Ми - 8 тікұшағы адамдарды биіктіктен жедел көтеруді қамтамасыз етті.
"Жаттығулар әуе және құрлық күштерінің өзара әрекеттесуінің жоғары тиімділігін ғана емес, сонымен қатар биік ғимараттардағы өртті сөндіру кезінде уақтылы үйлестірудің маңыздылығын көрсетті. Бұл әсіресе қазіргі заманғы қалалық жағдайларға қатысты, мұнда қол жетімділігі мен жоғары қабаты құтқарушылар үшін қосымша қиындықтар туғызады", - деп ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов атап өтті.
Оқу-жаттығуда құтқару операцияларын ұйымдастыруға және шектеулі уақыт жағдайында іс-қимылдарды үйлестіруге ерекше назар аударылды. Өртті сөндіру және азаматтарды эвакуациялауды қоса алғанда, барлық операциялар ҚР ТЖМ жаңа командалық орталығы арқылы онлайн режимде бақыланды. Бұл іс-қимылдарды жедел түзетуге және құтқару операцияларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Бұл жаттығулар біздің күштеріміз бен құралдарымызды биік ғимараттары бар қалалардағы ықтимал төтенше жағдайларға дайындаудың маңызды кезеңі болды. Біз азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін әртүрлі бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды және жетілдіруді жалғастырамыз, - деп министр толықтырды.