Жаңалықтар

ТЖМ азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді

ТЖМ азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтауға кеңес береді
Фото: ТЖМ 21.05.2024 21:43 611

Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ТЖМ қызметкерлері белсенді профилактикалық жұмыс жүргізуде. Құтқарушылар балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басынан бері ТЖМ қызметкерлері бассейндерде 9 мыңнан астам баланы жүзуге үйретті. Бүгінгі күні еліміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 612 орын бар. Еліміздің су айдындарында суға шомылуға болмайтыны және тыйым салынғаны туралы 4 792 ескерту белгісі  орнатылған.

Шомылу маусымы басталғанға дейін ІІМ, әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп 18 мыңнан астам патрульдеу мен рейд жүргізілді. Рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде заң талаптарын бұзған 828 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері  еліміздің су айдындарында 35 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын сақтамау салдарынан 11 адам, оның ішінде 1 кәмелеттік жасқа толмаған бала суға батып қайтыс болды.

Жүргізілген талдау қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды қараусыз қалдыру екенін көрсетті.

Еске сала кетейік, өткен жылғы суға шомылу маусымында еліміздің су айдындарында 367 адам, оның ішінде 120 бала құтқарылды.  

Мұндай қайғылы оқиғаларды болдырмау және өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды қорғау үшін судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет.

Күннің ысуына байланысты және жазғы демалыс кезінде балаларды қарау маңызды. Балаларды су қоймаларының жанында қараусыз қалдырмаңыздар және ересектердің қарауынсыз  шомылуға жол бермеңіздер. Бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайды. Мас күйінде және оған арналған аймақтардан тыс жерлерде шомылуға қатаң тыйым салынады.

Осы қарапайым ережелерді сақтау Сіздің және жақын адамдарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға