Жаңалықтар

ТЖМ академиясы 2024 жылды қорытындылады

ТЖМ академиясы 2024 жылды қорытындылады
Фото: ҚР ТЖМ 30.12.2024 00:15 402

Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде ведомстволық білім беруді табысты дамыту азаматтық қорғау жүйесі қызметінің тиімділігін арттырудағы негізгі мәнге ие. ТЖМ мәліметінше, бұл үдерісте еліміздің азаматтық қорғау органдары үшін білікті кадрлар даярлайтын жалғыз оқу орны болып табылатын ТЖМ академиясы маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым мен білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2024 жылы академия Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетімен жалпы қаржыландыруы 241,1 млн теңге болатын үш ғылыми жобаны іске асыру туралы шартқа қол қойды. Бұл жобалар ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға және оқу орнының зертханалық базасын жаңғыртуға бағытталған. Атап айтқанда осы келісім шеңберінде жаңа компьютерлік жабдық сатып алынды, сондай-ақ радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бойынша оқыту үшін жаңа оқу алаңдарын құруды қоса алғанда, оқу-жаттығу полигонын жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, - делінген министрлік мәліметінде.

Сонымен қатар академияда «Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін дамытудың тарихи аспектілері, өзекті мәселелері мен перспективалары» атты 12-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара тәжірибе алмасу және азаматтық қорғау саласындағы ағымдағы мәселелерді талқылау үшін маңызды алаңға айналды.

Академия азаматтық қорғау органдары үшін кадрларды белсенді даярлауды да жалғастыруда. Биылғы жылы оқуға 100 курсант, сондай-ақ Қырғызстаннан келген 5 курсант және қашықтықтан оқитын 28 магистрант қабылданды. 9 магистрант күндізгі оқу формасын таңдады. Биыл академия алғаш рет магистратураның білім беру бағдарламалары бойынша қашықтықтан оқытуды жүзеге асыра бастады. Сонымен қатар 20 адам Беларусь және Ресей ТЖМ ведомстволық оқу орындарына оқуға жіберілді.

137 курсант күндізгі оқу факультетін, ал 20 студент бейінді шетелдік жоғары оқу орындарын бітірді. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары шеңберінде азаматтық қорғау органдары мен басқа да ұйымдардың 3709 қызметкері оқытылды. Оның ішінде 1649 адам біліктілігін арттырудан өтті (219 азаматтық қорғау органдарынан және 1430 басқа ұйымдардан), 1256 – бастапқы кәсіптік даярлықтан, ал 804 адам қайта даярлаудан өтті.

Академия курсанттары «Көктем-2024» және «Қыс-2024» сияқты оқу-жаттығуларға белсенді қатысады, бұл оларға алған білімдерін тәжірибеде қолдануға және нақты төтенше жағдайлар кезінде өз дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Академияның білім беру бағдарламаларына төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) пайдалану, сондай-ақ объектілердің өртке қарсы жағдайын тексеру, өрт орнын тексеру үшін «QGIS» платформасындағы электрондық карталармен және виртуалды тренажер-симуляторлармен жұмыс істеу сияқты инновациялық технологиялар интеграцияланды. Бұл оқыту сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар болашақ мамандардың азаматтық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге дайындығын арттыруға ықпал етеді, - деп қосты ведомство.

ТЖМ академиясы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға ден қою міндеттерін тиімді шешуге дайын жоғары білікті мамандарды даярлаудың жетекші орталығы ретінде өз позициясын нығайтуды жалғастыруда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға