Жаңалықтар

ТЖД: Шымкентте 1200-ден астам бала жүзуді тегін үйренді

ТЖД: Шымкентте 1200-ден астам бала жүзуді тегін үйренді
Фото: © Pixabay.com 30.06.2024 10:36 733

Шымкентте әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға жүзуді тегін үйрету жобасы биыл да өз жалғасын тауып отыр. Биыл 1200-ден астам бала арнайы инструкторлардың көмегімен жүзуді үйренген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қалада шомылу кезеңінде су айдындарында қауіпсіз демалуды ұйымдастыру бойынша түрлі шаралар қолға алынып келеді.   

Қалалық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Әуесхан Серік үшінші мегаполистің климаттық жағдайына байланысты судағы қауіпсіздік шаралары бойынша профилактикалық жұмыстар сәуір айынан бастап қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтты.

Шымкент әкімінің қаулысына сәйкес қала басшысымен іс-шаралар жоспары бекітіліп, жоспар орындалу үшін тиісті мекемелерге жолданды. Аталған жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдардың жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті іс-шаралар кешенін қамтиды. Мәселен, бүгінде қала аумағындағы су айдындарында бес ресми орын белгіленген. Оның үшеуінде шомылуға рұқсат етілген. Атап айтар болсақ, олар: «Холодильник» пен «Рахат Бадам» демалыс орындары және Қошқар ата өзенінің бастауы. Ал қалған екеуі спорт және туризмге бағытталған. Олар дендрологиялық саябақ пен Жайлау көл. Қалада шомылуға тыйым салынған 13 су айдыны анықталған. Олардың негізгілері: «Бадам» өзенінің барлық арнасы, Қошқар ата өзенінің бастауынан басқа барлық арнасы, Қарасу және Сайрамсу өзендері болып табылады. Сонымен қатар «Шымкент» магистралды каналы, «Азат», «Көкбұлақ», «Сасық» және басқа да суару арналарының қауіптілігі бар. Шомылуға тыйым салынған орындарда 72 ескерту белгілері орнатылды. Біздің департамент қызметкерлері жоғарыда атап өткен жоспардың негізінде құзырлы мемлекеттік органдармен бірқатар еріктілерді тарта отырып, тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді,-деді қалалық Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері.  

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Басқарма офицерінің айтуынша, кейде шомылуға тыйым салынған орындарға қойылған ескерту тақтайшаларын келушілер бұзып немесе сындырып кетеді екен.

Өкінішке орай біз ескерту тақтайшаларын орнатып кеткеннен кейін оларды бұзу фактілері тіркелуде. Біз бұл орындарға күнделікті рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеміз. Егер осы тыйым салынған орындарда шомылып жүрген азаматтар анықталған жағдайда, тиісті шаралар көріледі. Бұл бойынша тиісті жұмыстарды біз Полиция департаментімен бірлесіп жүргіземіз. Тыйым салынған жерлерде шомылғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы, ал бұл орындарда алкогольдік ішімдік ішіп отырғаны анықталатын болса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша полицейлер хаттама толтырады.  Ал біздің департамент тарапынан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы (Су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзу немесе орындамау) бойынша 7 айлық есептік көрсеткіш, яғни 25920 теңге көлемінде айыппұл салынады. Бүгінгі күні 412-бапқа сәйкес алты азаматқа айыппұл салынды,-деді Әуесхан Серік.

Сәуір айынан бастап судағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында 195 рет рейдтік іс-шаралар жүргізіліпті. Төтеншеліктер демалыс және мереке күндері күйшейтілген жұмыс режиміне көшеді. Бұдан өзге Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және әлеуметтік желілерде, адамдар көп шоғырланатын орындарды LED-экран арқылы судағы қауіпсіздік шаралары туралы бейнероликтер көрсетіліп келеді. Сонымен қатар тұрғындардың мобильді телефондарына 112 қызметі арқылы күнделікті ескерту хабарламалары жолдануда.

Дегенмен ТЖД өкілі жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан жазатайым оқиғалар тіркеліп жатқанын айтты. Қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі тыйым салынған орындардағы белгілерге назар аудармай, суға түсу кезінде және жеке тұрғын үй бассейндерінде тіркеліп жатады екен. Биыл шомылу маусымы кезінде республика бойынша 43 адам суға батып кетті. Оның 17-сі кәмелет жасына толмаған балалар. Көршілес Түркістан облысында жыл басынан бері бес жазатайым оқиға тіркелген. Ал Шымкентте су айдынында болған бір жазатайым оқиға тіркелді.

Әуесхан Серік өз сөзінде балаларды суда тегін жүзуді үйрету жобасы биыл да жалғасын тауып отырғанын айтты. Бұл бойынша қаладағы бес аудан әкімдіктері, Төтенше жағдайлар басқармалары мен бассейн басшылары арасында 8 меморандум түзілген.

Біз аудандық әкімдіктерден әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тізімін алып, сол отбасылардың балаларына жүзуді тегін үйрету бойынша жұмыстар атқарып келеміз. Қазіргі таңда «Рахат», «Бадам» және «Холодильник» демалыс орындарымен, сонымен қатар «Фонтан» аквпаркімен және де «Сан Сити», «Таусая» сияқты бассейн басшыларымен меморандум бекітілді. 1200-ден астам бала жүзуді тегін үйренді,-деді ол.

Сонымен қатар Азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Әуесхан Серік қаладағы субұрқақтардың қауіптілігі жоғары деп отыр.  Мәселен, Шымкентте субұрқақтардың жалпы саны 32 болса, оның 25-і ток көздерімен жүргізілген. Сондықтан бұл орындарда шомылу адам өмірі үшін өте қауіпті болып табылады.  

Қазіргі таңда кішкентай балалардың субұрқақтардың айналасында көптеп ойнауы жиі кездесуде. Біздің ТЖД тарапынан бұл бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Егер шомылып жүрген жасөспірім немесе кішкентай балаларды анықтайтын болсақ, дереу ата-аналарын сол жерге шақырамыз. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес хаттама толтырылады,-деді ол.  

(Фото: Шымкент қ. ТЖД)

Брифинг барысында екінші спикер - қалалық ТЖД «Жедел-құтқару жасағы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Орынбасар Төртбаев құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Бірақ  құтқару қызметіне тек шомылуға қатысты емес, өзге де оқыс оқиғалар бойынша шақырту түсетіндіктен белгілі бір су айдынында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылмайды. Қалада бірқатар су айдыны өздерінің құтқарушыларымен қамтылған және ондағылар қауіпсіздікті сақтау мақсатында түнгі уақытта тұрғындарды кіргізбейді. Жалпы жыл басынан бері қалада құтқарушылар 784 шақыртуға шыққан. Олар тек суда іздестіру жұмыстары емес, жылан аулау, суицидтің алдын алу, жол-көлік оқиғалары мен пәтер ішінде жалғыз қалып қойғандарға көмекке келу және т.б құтқару жұмыстары.

Еске салсақ, 27 маусым күні Шымкентте 23 жасар жігіт Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы шомылуға рұқсат етілмеген жасанды көлге батып кеткен болатын. Спикер бұл қайғылы оқиғадан соң қандай жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

Оқиға орнында өзіміз болдық. Біздің сүңгуірлер денесін судан алып шықты. Ол - жабдықталмаған, шомылуға тыйым салынған жер. Қазіргі таңда сол жағажайды жабу немесе ондағы суды ағызу мәселесі бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Қорытынды алдағы күндері белгілі болып қалады,-деді «Жедел-құтқару жасағы республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Орынбасар Төртбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға