Тыйым салынған өсімдіктерді өсірген адамды Жоғарғы сот ақтап шықты

Тыйым салынған өсімдіктерді өсіргені үшін сотталған Худяковты Жоғарғы сот ақтап шықты. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоғарғы сот Бас прокурордың кассациялық наразылығын қарап, Худяковтың әрекеттеріне дұрыс емес құқықтық баға берілгенін мойындап, оны ақтап шықты. Сонымен қатар оған ақталу құқығы түсіндірілді, - делінген мәліметте.
Белгілі болғандай, Жамбыл облысы Жамбыл аудандық сотының үкімімен Худяков тыйым салынған өсімдіктер – қарасора сорттарын заңсыз өсіргені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот оның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 300-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша есірткі заттары бар өсімдіктерді ірі көлемде қасақана заңсыз егу және өсірудеп бағалады.
Алайда айыптау актісінде көрсетілгендей, Худяковқа бастапқыда тек заңсыз өсімдіктерді культивациялау айыбы тағылған. Сот Қылмыстық-процестік кодекстің 340-бабы 1-бөлімінің талаптарын бұзып, тағылған айыптың шегінен шығып, Худяковтың әрекеттерін өз бетінше кеңейтіп, оған егу және өсіру әрекеттерін қосқан, - делінген прокуратура келтірген деректе.
Прокуратура мәліметінше, Жоғарғы соттың 1998 жылғы 14 мамырдағы №3 нормативтік қаулысының 17-тармағына сәйкес, культивация – есірткі заттары бар өсімдіктерді тиісті рұқсатсыз және бақылаусыз селекциялау. Бұл тек қана отырғызу немесе суару емес, өсімдіктердің жаңа сорттарын шығару немесе оларды өсіру әдістерін жетілдіруге бағытталған әрекеттерді білдіреді.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Худяков қарасора тұқымдарының сорттарын жақсартумен немесе өсімдіктерге әсер ету әдістерін жасаумен айналыспаған. Ол тек тұқым отырғызып, өсімдіктерді суарып тұрған, бұл культивация ұғымына жатпайды. Осылайша, оның әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы табылған жоқ, - деп қосты прокуратура.
