ТЫШҚАН IНI МЕН ҚЫРАН БИIГIНЕН
«Түркiстан» газетiнiң осы жылғы № 45 санында (2006 жылғы 9 қараша) Мырзан Кенжебай дегеннiң «Қазаққа ендi қалғаны буддизм бе едi?» атты мақаласы жарияланыпты. Мақала түгелдей бiзге қатысты болғасын үтiр-нүктесiне дейiн қалдырмай оқып шықтық. Оқып шықтық та, ойға қалдық.
Иә, «тас түскен жерiне ауыр». Ал шамалауымызда, қарабұжыр тас бiздiң – «Жас қазақтың» ауласына лақтырылған. Автордың ниетi де солай болғандай. Мұны мақаламен танысып шыққан адам бiрден аңғара алады. Сосын «басымыз дауға шатылса да, жалалы мақалаға жауап бермесек болмайды екен» деп шештiк.
Неге жалалы мақала?
Алдымен осы сауалға жауап берейiк. Мақала авторы бiздiң жазғанымызға ойдың биiгiнен (ой құрғыры онда болса) зер салмаған, тышқан iнiнiң аузындай ғана ауқымнан қарап, «шолақ белсендi» пiкiр бiлдiрген. Және онысы сәтсiз де шықпаған деуге болады. Себебi бiздiң мақаламыздың мазмұнымен танысуға мүмкiндiгi болмаған оқырман Кенжебайдың мақаласын оқи қалса, «шолақ белсендiнiң» шоқырағына қисая салуы әбден мүмкiн. Сосын бiздей мұндарды дiн бүлдiрушi ретiнде «есекке терiс мiнгiзiп», қоғамнан аластау ғана қалмақ. Ал әлгiнiң дiттегенi осыдан өзге ештеңе де емес. Оның мақаласын «жаптым жала, жақтым күйе» дейтiнiмiз де сондықтан.
Ендi бiзден менге көшейiн. Өйткенi, Кенжебайдың шүйлiгiп отырғаны – менiң «Жас қазақ» газетiнде биылғы №6 қазанда жарияланған (№ 39) «Будда бiрде дүниеге келгенде...» атты мақалам.
Онда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қай дәуiрде, қандай ортада дүниеге келуi мүмкiн екендiгi туралы өз жорамалым және буддизмнiң негiзiн қалаған Сиддхартха Гаутаманың өмiрi туралы шағын шолуым ұсынылған. Мақала соңында мысал ретiнде буддизм дүниетанымының элементтерi кездесетiн бүгiнгi екi қазақ ақынның өлеңдерi де келтiрiлген.
Журналист осы мақаламызға «Жас қазақ» газетiнде «Будда бiрде дүниеге келгенде...» деген не ғылыми емес, не дiни, не болжам деуге келмейтiн бiр мақала шықты» деп баға бередi. Осы бағасынан-ақ өзi жақсы бiлетiн көпшiлiкке арналған «әдеби-танымдық мақала» деген анықтаманы, амал қанша, бiзге қиғысы келмегенi аңғарылып-ақ тұр. Сiрә ол кiсiге, тиiсудi мақсат тұтқасын, әйтеуiр, бiр амалын табу керек болған болуы керек. Мұндайда басқашалай ойлау мүмкiн емес.
Мырзан осы жерде журналист ретiнде де кәсiби қате жiбередi. Қате дейтiнiмiз, журналист Мырзан менiң мақаламның «Мозаика» айдарымен шыққанын да аңғармаған секiлдi. Яки, аңғарғысы келмеген. Қысқасы, бұл Кенжебайдың мақаламызға анықтама таба алмай сүрлiгетiндей жөнi жоқ-ты. Қазақша айтқанда, босқа арамтер болмай-ақ қойғаны дұрыс едi.
Кiнәмшiл журналист бұдан кейiн менiң сөз саптасыма да бiраз көз алартыпты. Несiн жасырайын, мен, рас, стилист қаламгер емеспiн. Маған бiр сөйлемiн жазуға екi күнiн арнаған, дәлiрек айтқанда мүмкiндiгi болған француз Флобердiң ауылы тым алыс. Ең болмаса, өзiмiздiң Ғабит Мүсiрепов (ол кiсiден де қателiктер тауып жатыр ғой) немесе Тәкен Әлiмқұлов та емеспiн. Сондықтан да бүкiл қазаққа етене жақын, Мырзан Кенжебай ғана ұнатпайтын «дала төсiнде» немесе «ғасырлар қойнауында» iспеттi тұрақты сөз тiркестерiн пайдалануды өзiме еш ар санамаймын. Қарапайым қазақтың баласы ретiнде қайта мақтаныш көремiн. Олай екен, Мырзанның мақаламның әр-әр жерiнен, жекелеген сөз не сөздердi терiп алып, мәтiнде тұрғандай емес, басын аяғына, аяғын басына шығарып, «мынау сөз саптай алатын, тiл бiлетiн адамның сөзi ме деп тiксiнiп қалсақ та оқып шығуға тура келдi» деп мақаламызды қарызға оқығандай қыр көрсете сөйлеуiнiң ешқандай жөнi жоқ.
Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»