Жаңалықтар

Тыныштық күзетшісі

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні
05.05.2016 06:33 6296

Капитан Жәдігер Бижанов – өзінің жастығына қарамастан, көпке үлгі боп жүрген қызметкер. Ол бүгінде ҚР ҰҚК шекара қызметі, Қостанай облыстық №2031 әскери бөлімінің «Қайрақ» автокөліктік өткізу пунктін басқарады. Аталған пунктте 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін 50-ден аса есірткіні заңсыз тасымалдау фактісі анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 92 келі болса, оның ішінде аса ауыр түрлері 78 келіні құрады.

Тыныштық күзетшісі

Жәдігер 2014, 2015 жылдардың нәтижесі бойынша «Шекара бақылау қызметінің үздік маманы» атанды. Ал, былтыр пунктте есірткі заттарын тәркілеу барысында қызметтік борышын үлгілі атқарғаны үшін ҚР ҰҚК Төрағасының бағалы сыйлығына ие болды. Бұл марапат оған қоластындағы әскери қызметкерлердің тәртібі үшін, жұмысын жүйелі ұйымдастыра білгені үшін берілді.

Жас та болса, бас болып жүрген Жәдігердің жетістіктері мұнымен шектелмейді. Ол – қоян-қолтық ұрыстан ҚР ҰҚК Шекара қызметі біріншілігінің жүлдегері. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Күн сайын шекарадан өтетін азаматтардың барлығы мұның алдынан өтеді. Капитан кейбір Заң білмейтін кісілерге мән-жайды тәптіштеп түсіндіреді. Мемлекеттік шекараны бұзушыларды анықтайды. Ірі көлемде есірткі алып өтпекші болған қылмыстық топтарды әшкерелейді.

Өз ісіне ынта-шынтасымен берілген Жәдігер Бижанов әскери адамның бойындағы ең басты қасиеттер жоғары жауапкершілік, шыдамдылық және тәрбиелілік деп санайды. Сондай-ақ, ол ер-азаматтардың Отан алдындағы жауапкершілігі жоғары болған жағдайда бейбіт елдің аспанын бұлт шалмайтынына кәміл сенеді.

«Басқалар демалып жатқанда, біз жұмыста боламыз. Бұл – біз үшін қалыпты жағдай» дейді Жәдігер. Айтса айтқандай, ол әрбір мерекені жоғары басшылардың талабы бойынша, қызмет орнында, яғни, шекара қызметінде қарсы алады. Күндіз-түні күзететіні – отандастарының тыныштығы.


Роза ӘРЕН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға