Жаңалықтар

«Түрлі ауруға себеп болуы мүмкін». Депутат тұрғындардың жанайқайын жеткізді

«Түрлі ауруға себеп болуы мүмкін». Депутат тұрғындардың жанайқайын жеткізді
Фото: Pixabay.com 19.02.2025 12:43 481

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Мәжілісте БҚО тұрғындарына киіктен төніп отырған қауіп туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен БҚО-да ақбөкен саны жыл санап артып келе жатқандығын алға тартып, тіпті Казталов, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Жаңақала, Ақжайық, Тасқала және Бәйтерек секілді жеті аудан киіктің тұрағына айналғанын тілге тиек етті.

Ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша, БҚО ең көп дегенде 500 мың бас киікті сыйдыра алады. Ресми дерекке сүйенсем, 2024 жылы облыстағы киік саны төлімен қоса алғанда 2,3 млн-нан асқан. Алдағы екі жылда киіктің саны 5 миллионнан асады деген болжам бар. Батыстағы ақбөкеннің санын реттеуге келгенде жауапты органдар мойындарына жауапкершілік алғысы келмейді. Қоршау жасап қорғауға да құлықсыз тиісті мекемелер. Киіктің киесі ұрмасын десек, биыл нақты шешім қабылдау қажет, себебі ақбөкенмен адамды жайылымға таластырып тастап кетудің салдары ауыр болуы бек мүмкін, - деді ол.

Қазір жағдай ушыққан көрінеді. Жайылымды киік жайпап кеткен соң тұрғындар малын жаппай сатып, ауылдарын тастап көшуге айналған. Бұл мәселе былтыр да болған. Сол кезде шаруаларға көмек болсын деп жергілікті бюджеттен қаражат та бөлінген. Ал биыл оны еселеу керек, алайда облыс бюджетінің шамасы келмейді.

2023 жылы БҚО-дағы 921,7 мың га жерді киік таптап тастаған, оның ішінде егістік алқап, шабындық пен жайылым жер бар. Салдарынан 2024 жылы БҚО-ның 4 ауданында (Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек және Казталов) төтенше жағдай жарияланды. Халықтың алдындағы малы қырылып қалмасын деп, облыстық бюджетке қол салуға тура келді. Былтыр жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруаларды мал азығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4,2 млрд теңге бөлінді. Бұл бір реттік шара. Биыл ақбөкеннің саны артып, былтыр тұяққа тапталған жердің тақырға айналатынын ескерсек, шаруалардың шаруасы шатқаяқтап қалмауы үшін аталған қаржыны екі еселеуге тура келеді. Бірақ қазір оны облыстың бюджеті көтере алмайтыны анық, - деді депутат.

Бұдан бөлек киіктің өлімі де көбейген. 2024 жылы БҚО-да 5598 киіктің өлексесі табылды (анықтама: 2022 жылы – 390  төшке (аталық – 191, аналық – 64, төлі – 135), 2023 жылы – 1336 төшке (аталық – 663, аналық – 341, төлі – 332), 2024 жылдың басынан бастап – 5598 төшке (аталық – 1146, аналық – 4452). Ал мұның өз қаупі бар.

2010-2011 жылдардағы пастереллез эпизоотиясының қайталану қаупін мамандар жоққа шығармайды. Одан бөлек, киіктердің үй жануарларымен бірге жайылуынан листериоз, аусыл, бруцеллез сынды аурулар пайда болуы мүмкін дейді мамандар. Мыңдаған киіктің өлексесі далада түрлі ауруға себеп болмасын деп, мамандар оларды ауылдардағы мал молаларына тастауда. Салдарынан қазір елді мекендердегі мал молалары толып қалған, киік тұрмақ, ауылдың өлген малын тастайтын жер жоқ. Қазір өлген киікті де, малды да азаматтар өртеуге мәжбүр. Мұның соңы қандай болуы мүмкін екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар, - деп қосты Сәрсенғалиев.

Депутат ақбөкеннің санына қатысты ағайынның арызы Мәжілісте бірнеше рет айтылғанымен, Үкімет үкім етуге асықпай отырғанына налыды.

Орталық мемлекеттік органдар проблеманы көрмегендей кейіп танытып, жұрттың жанайқайын жылы жабуға тырысатындай. 2023 жылы киік санын реттеуді қолға алған Үкімет жарты жылдан соң ол әрекетін сап тыйды. Ағайын ақбөкенмен бетпе-бет қалып кетті. Былтыр мемлекет басшысы қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салғанын бәріміз көрдік. Расында киіктің киесі барын қазақ жақсы біледі. Сондықтан қарапайым халықтың шаруасынан шашау шығармайтын және ақбөкеннің обалына қалмайтын, ұлан ғайыр даланы киік үшін оқ пен оттың ортасы қылмайтын ортақ, нақты шешім қабылдау қажет, - деді ол.

Нартай Аралбайұлы осы орайда бірқатар ұсынысын жеткізген:

  1. Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік санын реттеудің тың тәсілін дайындап, биыл дереу іске асыруы шарт. Қажет болса, қоршау қойып, кісі мен киікті бір алқапқа таластырып тастамаудың амалын жасау қажет.
  2. Мемлекеттік органдар БҚО-ғы киік саны биылдың өзінде 3 миллионнан асады десе, кей мамандар қазірдің өзінде облыс аумағында 4 миллион ақбөкен  бар дейді. Санның өзі сан саққа кетіп тұр. БҚО-дағы киік популяциясын ғылыми зерттеу жұмыстары 2026 жылы басталады деген шешім бар. Бірақ бұл тым кеш, қазір ағайынның ащы дауысы шығып тұр. Сондықтан аталған ғылыми зерттеу жұмысын биыл, 2025 жылы дереу бастау керек. 
  3. CITES (Жабайы фауна мен флораның құрып кету қаупі төнген түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция) конвенциясындағы киік дереваттарының коммерциялық саудасына нөлдік экспорттық квота туралы аннотацияны жою және халықаралық саудаға қатысты нормативтік- құқықтық актілерге қажетті өзгерістер енгізу керек;
  4. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі киіктен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге келтірілген залалды есептеу әдістемесін бекітіп, шаруалардың, мал ұстайтын қарапайым халықтың шығынын дереу өтеудің тәсілін ойлап табуы қажет (мысалы, нормаланған дифференциалды вегетациялық индекс негізінде – Normalized Difference Vegetation Index, NDVI);
  5. Киік санын Үкімет реттей алмаса жайылымсыз, шабындықсыз қалған жұртқа жем-шөп тасымалын ұйымдастыру керек. Себебі баға аспандап кетті.
  6. Эпизоотиялық ахуалды ушықтырмау үшін киік өлекселерін жинаудың, жоюдың ережелерін әзірлеп стационарлық инсинераторлар орнату қажет. Себебі мал молалары толған. Ал далада киіктің өлексесі көп.
 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by EL.KZ (@elkz_portal)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға