Жаңалықтар

Түркиядан келген 69 жастағы студент Түркістанда білім алып жүр

Түркиядан келген 69 жастағы студент Түркістанда білім алып жүр
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі 01.12.2024 21:30 324

Түркиядан келген зейнет жасындағы студент Түркістандағы оқу орнында білім алуда. Ол киелі шаһарда қазақ тілін үйреніп жүр екен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Ясауи университеті – Түркі әлемі жастарының қарашаңырағына айналған білім ордасы. Мұнда жыл сайын дүниенің төрт бұрышындағы түркітілдес елдер мен ұлт өкілдері келіп, білім алады. Қазіргі таңда оқу орнында түркі әлемінің 17 елінен және 30-ға жуық ұлт пен ұлыстан 10 мыңға жуық студент оқып жатыр. Солардың бірі – түркиялық Кадрие Ышыклы. 69 жастағы студент шекара асып, қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен танысу үшін Түркістанға оқуға келген.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Кадрие Ышыклы – Түркия азаматы екенін атап өтті. Ол Стамбул қаласының тұрғыны, үш баланың анасы. Қазір Ахмет Ясауи университетінің Дайындық орталығының тыңдаушысы. Ол – университет тарихындағы ең жасы үлкен студент атанып, жастарға үлгі көрсетіп жүр.

Түркиялық студент Түркістанға келіп білім алуына түркі елдерінің тілі және мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуға деген қызығушылығы себеп болғанын айтады. Кадрие ханымның Қазақстанға келгеніне бір жарым ай болса да, қазақ тілін жеткілікті деңгейде түсінетін хәлге жеткен.

Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін. Маған түркі елдерінің мәдениетімен танысқан ұнайды. Осында қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жақсы танысып, содан кейін өзге де бауырлас елдерге барғым келеді, - дейді ол.

Кадрие Ышыклы бұған дейін Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша жоғары оқу орынын тәмамдап, әлемнің 20-ға жуық еліне саяхаттаған. Ендігі мақсаты – Орта Азия елдерімен танысу. Сондықтан Ахмет Ясауи университетінде де «Туризм» мамандығы бойынша білімін жалғастырмақ.

Айта кетейік, Кадрие Ышыклы білім алып жүрген Дайындық орталығында университеттің ішкі грантына (квота) ие болған түркі әлемінен келген білім алушылар оқиды. Олар 2 семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін үйренеді. Биылғы оқу жылында орталық ұстаздары 200-ден астам тыңдаушыға сабақ беріп жүр. Дайындық орталығын сәтті аяқтаған білімгерлер әрі қарай өзі таңдаған мамандығы бойынша университетте білімін жалғастырады.

Дайындық орталығының ұжымы жасы үлкен студент келетінін алғаш естіген кезде таңырқап, абдырап қалғандарын жасырмайды. Алайда, Кадрие Ышыклы Қазақстанға келген бойда барлығымен оңай тіл табысып, ортаға тез қалыптасқан. Орталық оқытушылары оның білімге ашық, қазақ тіліне қызығушылығы жоғары  екенін атап өтті.

Кадрие Ышыклы өзінің батыл шешімі арқылы жастарды ынталандырып, білім алуға ешқашан кеш емес екеніне көрсете алды. Бірге оқитын студенттермен жақын араласып, оларды өз баласындай көріп, қамқорлық танытып жүр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға