Жаңалықтар

Түркиядағы зілзаладан соң жоғалып кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды

Түркиядағы зілзаладан соң жоғалып кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды
08.02.2023 19:48 6501

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Түркияның Хатай провинциясы, Антакия қаласында хабарсыз кетті делінген қазақстандықтарды іздеуге шыққан топ Сабина Мамадьярованың аман табылғанын хабарлады. Олардың мәліметі бойынша, отандасымыздың қолы сынған. Қазір оны ауруханаға апара жатыр.

«Қазір құтқарушылар үйінділерду аршу жұмыстарын жедел атқарып жатыр. Қалғандары да Сабина табылған тұста алыста болмауы керек. Ақпарат пайда болған сәтте-ақ хабарлаймыз», -деп жазды іздеуші топ өкілдері.

Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Осыдан кейін жаңадан келген құтқарушылар үшін іздестіру-құтқару жұмыстарына арналған учаскелер айқындалатын болады.

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 7108-ге жетті, 40 910 адам жараланды. Жер асты дүмпулері Түркияның Кахраманмараш, Газиантеп, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана, Адыяман, Османийе, Хатай, Килис, Малатия және Элазиг провинцияларында 5 775 тұрғын үй қираған, апат аймағының тұрғындары үшін 50 818 шатыр орнатылған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға