Жаңалықтар

Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 2,3 млн еуро төленді

Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге 2,3 млн еуро төленді
Фото: © Emrah GUREL 04.04.2023 17:54 974

«Евразия» сақтандыру компаниясы ақпан айының басында Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкіністерінің салдарынан зардап шеккендерге алғашқы 132 млн теңгені төледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Бұл туралы «Евразия» сақтандыру компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұл - Түркия тарапынан қайта сақтандыру төлеміне құжаттармен расталған алғашқы өтінім. Түркия сақтандырушыларынан төлем құжаттарының пакеті келуіне орай, төлемдер бірнеше ай бойы жалғасады деп күтілуде. Алдын ала мәлімет бойынша, «Евразия» СК-нің үлесі он миллион доллардан асуы мүмкін.

«Евразия» сақтандыру компаниясы халықаралық қайта сақтандырушы ретінде Түркияда жер сілкінісінен бірқатар түрік сақтандыру бағдарламаларына, сондай-ақ ерікті және міндетті – ұлттық Turkish Catastrophe Insurance Pool (TCIP) бағдарламасына қатысады.

Қазір мамандар апат орнына барып тәулік бойы зілзала салдарынан болған залал туралы деректерді жинап, оларды сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру үшін сақтандыру компанияларына беріп жатыр.

«Түрік жер сілкінісінің салдары өте жойқын болды: ондаған мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам баспанасынан айырылды. Осыған байланысты біз ақша зардап шеккендерге барынша жедел түсуі үшін түркиялық серіктестеріміз тарапынан келген барлық шығындарды тәулік ішінде төлеуге дайынбыз», – деп айтты «Евразия» СК атқарушы директоры Нұрмұхамед Төлбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Түркиядағы жер сілкінісі құрбандарының саны 46 мың адамнан асты, үйінділерді қарау барысында зардап шеккендер саны артып келеді. Жер сілкінісі нәтижесінде 7,9 мың тұрғын ғимараттың қирағаны расталды, сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, 13 мыңнан астам ғимарат әртүрлі дәрежеде зақымданған. Жалпы, Түркияның сақтандыру компанияларына залалды өтеуге 331 мыңнан астам өтініш түскен.

Түркияда үй иелері жылына $15 төлеуге міндеттелетін TCIP - жер сілкінісінен тұрғын үйді міндетті сақтандыру бағдарламасы бар. Дегенмен зардап шеккен провинцияларда бұл бағдарлама шамамен 50% немесе 1 миллионнан астам үйді қамтиды. Айта кетейік, Қазақстанда жер сілкінісінен сақтандыратын мұндай міндетті бағдарлама жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға