Түркияда қаза тапқан журналистің балаларын атыраулық әйел асырап алды
Түркияда жол апатынан қаза болған танымал журналист Арайлым Нұғманова мен күйеуінің балаларын атыраулық Анар Жеңісова қамқорлығына алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазылды. Онда бұрын осы бөлімді басқарған Анар Жеңісова өз еркімен жұмыстан шыққаны, оған себеп отбасына кенет түскен ауыр қайғы екені айтылады.
"Анар Жеңісқызы жұмыстан кету жағдайын отбасыларына кенеттен түскен ауыр жағдайдан кейін, өз қамқоршылығына алған, ата-анасыз қалған балалардың күтімін жасау мақсатында екенін айтты. Жақында Турция елінде жол-көлік апатынан қайтыс болған жақын туыстары марқұм Құрмашев Нұрболат пен Нұғманова Арайлымның артында қалған екі бүлдіршіннің бірі ерекше күтімді қажет ететіндіктен, қиын болса да жұмыстан шығу туралы шешімді қабылдаған Анар Жеңісқызы мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері абыройлы, қажырлы қызмет етіп келе жатқан болатын. Анар Жеңісқызының жұмыстан кетуін бөлім ұжымы қимастықпен қабылдап, қамқорлығына алған балалардың аман-есен, ертерек ер жетіп кетуіне тілектестіктерін білдірді", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Түркияда қазақстандық әйел мен оның баласы көз жұмғанын жазған едік. Кейіннен ауруханада жатқан күйеуі қайтыс болды.