Жаңалықтар

Түркияда қайталанған екі жер сілкінісінен 300-ге жуық адам зардап шекті

Түркияда қайталанған екі жер сілкінісінен 300-ге жуық адам зардап шекті
Фото: aa.com.tr 21.02.2023 09:38 1249

Түркияның Хатай провинциясында кеше болған жер сілкінісінен 300-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі

Бұл жайында Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлім етті.

«Бүгін кешке Хатайда болған екі жер сілкінісінен 294 адам жарақат алды. Өкінішке қарай, оның ішінде 18 науқастың жағдайы ауыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар Адана және Дертиол қалаларына жеткізілді. Біздің барлық далалық ауруханалар пациенттерімізге тиісті қызмет көрсетуді жалғастырып жатыр», - деп жазды министр Twitter парақшасында.

Оның айтуынша, Хатай университетінің медицина факультетінде және Искендерун мен Рейханлы мемлекеттік ауруханаларында жатқан жалпы саны 95 пациент екі жаңа жер сілкінісінен кейін сақтық шарасы ретінде Адана мен Дертиол ауруханаларына ауыстырылған.

AFAD агенттігі Хатай провинциясында бүгін болған зілзаладан соң хабарланған теңіз деңгейінің көтерілуі туралы ескертудің күші жойылды деп отыр.

Бұған дейін дүйсенбі күні  Хатай провинциясының Дефне ауданында магнитудасы 6,4 болатын жер сілкінісі тіркелгенін жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға