Түркияда денесі табылған адамның кім екені белгілі болды
Түркияда денесі табылған адамның Әділ Қадырбеков екені анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровқа сілтеме жасап.
Ресми өкілдің хабарлауынша, 8 ақпан күні кешкісін Хатай провинциясына қарасты Антакья қаласында жүргізілген іздеу жұмыстарының барысында Түркия азаматы табылды. Ол аман. Оны алдымен Құбылай Кескин екен деп ойлаған, алайда Кескиннің туыстары оны растамады.
Бүгін 9-ақпан күні таңғы 9-да іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып, оның барысында екі адамның денесі табылды. Оның біреуі түркиялық Құбылай Кескин болып шықты. Екінші дене Әділ Қадырбековтікі. Оны марқұмның туыстары растады.
«ҚР Сыртқы істер министрлігі мәйіттердің Отанына жеткізілуіне барынша қолдау көрсетеді. Біздің құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге Мірболат Құрмашевты іздестіру үстінде»,-деді Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, бұған дейін Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирболат Құрмашевтің Түркияда жоғалып кеткені хабарланды.
Жер сілкінісінен кейін онымен байланыс үзілген.
Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, зілзала кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған.
Кейін Мирболат Құрмашевтің тағы үш әріптесі байланысқа шықпай қалды. Оның екеуі қазақстандықтар және бірі – Түркия азаматы.
Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.
Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.
Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.
Кеше ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.
ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөліскен болатын.