Жаңалықтар

Түркияда 500-ден аса науқасқа трансплантация жасадым - Сүлеймен Жұматаев

Түркияда 500-ден аса науқасқа трансплантация жасадым - Сүлеймен Жұматаев
Фото: instagram/dr.suleimen 09.08.2024 18:05 421

Балалар арасындағы онкологиялық аурулар бүкіл әлемнің негізгі медициналық және әлеуметтік мәселелердің бірі болып тұр. Бейресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда 127 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр, оның 12 мыңы – балалар. 2023 жылы 39 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылған. Жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады. Балалар онкогематологиясы, оның ішінде сүйек кемігі трансплантациясы бағытында жұмыс істейтін дәрігер Сүлеймен Жұматаевтың айтуынша, науқастар қатерлі дертпен күрессе, емдеу протоколын дұрыс таңдаса, құлан таза айығуға болады. Түркияда жұмыс істегеніне 5 жылдан аса уақыт болған Сүлеймен Жұматаев трансплантация жасаумен айналысады. Бүгін шет мемлекетте өзін мойындатып, онкология саласында емдеу протоколдарын жетілдіруге тырысып жүрген дәрігермен сұхбаттастық.

El.kz: Сүлеймен мырза, ең алдымен туып-өскен ортаңыз бен отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.

Сүлеймен Жұматаев: Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде қарапайым отбасында дүниеге келдім. Бес ағайындымыз. Үйдің ең кенжесімін. Сол Асықата кентінде 11 жылдық білім алдым.

El.kz: Дәрігер болсам деген ниет қашан пайда болды? Қай оқу орнында білім алдыңыз?

Сүлеймен Жұматаев: Шынымды айтсам, дәрігер болам деген ниетім бала күннен пайда болған арман емес. 11-сынып оқып жүргенде ата-анамның нұсқауымен медицина саласына келдім. 2009 жылы Алматы қаласындағы Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне «Жалпы медицина» мамандығы бойынша түстім. Университетке түскеннен кейін 1-2 курстарда оқып жүргенде медицинаға деген қызығушылығым едәуір артты. Сол сәтте өзімнің жүрек қалауымдағы мамандықты тапқанымды және сол бағытта білім алып жатқанымды түсіндім. Осылайша университет қабырғасында жүріп, бар зейінімді білім алуға жұмсадым.

El.kz: Қазір Түркиядағы ауруханада жұмыс істейді екенсіз. Жалпы шетелдік ауруханадағы жұмысыңыз қалай басталды?

Сүлеймен Жұматаев: Қазіргі таңда Түркиядағы Ыстамбұл қаласында BAU Medical Park Göztepe ауруханасында жұмыс істеймін. Ол жердегі жұмысым Алматыдағы оқу-орнын тәмамдаған соң, шетелде білімімді нығайтсам деген ой туындады. 2016-2017 жылдары Түркияға келіп, дипломымды сәйкестендірдім. Осылайша Түркиядағы тәжірибем басталып кетті.

El.kz: Ересектер мен балалар арасында қатерлі ісік аурулары өршіп тұрғаны белгілі. Онкология диагнозы қойылған соң қандай әрекетке көшкен дұрыс?

Сүлеймен Жұматаев: Әрине, соңғы кездері қатерлі ісік аурулары балалар мен ересектер арасында көбейіп жатыр. Өкінішке қарай, дертке шалдыққандар қатары қазіргіден де арта түседі. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, онкологиялық аурулар уақыт өткен сайын үдей түседі. Қатерлі ісік секілді аурулар біздің қолданатын ыдысымыздан бастап, тұтынған тамағымызға дейін, одан кейін қоршаған ортадағы зиянды қалдықтар мен лас ауаның әсерінен туындайды. Бұл ауруға қатысты ең алғашқы диагноз қойылғаннан кейін адамдардың негізгі реакциясы – таңғалу және қорқу болады. Көпшілігі дерттің соңы өліммен аяқталады деп жақындарымен қоштасуды бастап кетеді. Бірақ, соңғы жылдары медицинаның қуаты мұндай ауыр диагноздарды жеңуге қауқарлы. Қуанышты жағдайлар да жиі кездеседі. Медицинадағы жетістіктердің нәтижесінде, онкологиялық дертпен күресіп жүрген науқастар құлан таза айығып шығуда. Сондықтан көп адамдарға айтарым, жақындарыңызға немесе өзіңізге осындай диагноз қойылған болса, бірден қатты қорықпай, үрейге бой алдырмай, ем түрлерін іздеуге көшкен дұрыс. Емдейтін білікті дәрігерді іздеп, консультация алған абзал.

El.kz: Қазақстан мен шетелдерде онкологияны емдеу протоколының қаншалықты айырмашылығы бар? Дәрі-дәрмектерінің айырмашылығын айтып берсеңіз.

Сүлеймен Жұматаев: Иә, онкологиялық ауруларды емдеуде әртүрлі протоколдар болады. Бірақ бұл протоколдардың әр елде әртүрлі нұсқасы бар деген жаңсақ пікір бар.  Мысалы, еуропалық және америкалық деген секілді протоколдар болады. Сол протоколдарды әр ел өзінің ыңғайына қарай қолайлысын, емдеу тәсілдеріне қауқарлысын таңдап алады. Өз елінде жасалған мүмкіндіктер мен аппараттар және дәрі-дәрмекке сай келетінін таңдайды. Емдеу схемаларының көпшілігі бір-біріне ұқсас болып келеді. Ол протоколдар өзгертуге болмайтын, қатаң сақталуы тиіс заң емес. Дәрігерлерге жол көрсетуші нұсқаулық деп айтуға болады. Науқасты емдеуге кіріспес бұрын, сол нұсқаулықпен жүріп, қажет кезде, яғни, науқастың жағдайын жақсарту үшін өз тәжірибеңізге сай өзгертуге болады. Ал дәрі-дәрмек туралы айтатын болсам, әдетте науқастар тарапы айырмашылықтың бар екенін айтып жатады. Өйткені, олар өз тәжірибесінен білгенін, байқағанын айтып жатады. Бірақ, нақты зерттеліп, дәлелденген ғылыми жұмыс немесе материал жоқ. Сондықтан, дәрігер ретінде дәрілерде айырмашылық бар екенін негізсіз айту дұрыс емес.

El.kz: Қазақстандықтар қатерлі ісікпен күресу үшін Түркия, Корея, Германия, Америка сияқты елдерге кетіп жатады. Дегенмен, ондағы қаржыны әркімнің қалтасы көтере бермесі анық. Шетелдерде онкологиядан жазылу ықтималдығы қаншалықты жоғары?

Сүлеймен Жұматаев:  Өкінішке қарай, қазіргі таңда қазақстандықтардың басым көпшілігі шетелге емделуге шығады. Ол тек онкологияға шалдыққан науқастар емес, басқа түрлі диагнозбен дертіне шипа іздеп кетіп жатады. Біріншіден, бұл жерде науқастардың қалтасына салмақ түседі. Өте көп шығын. Қажетті соманы таба алмаған соң халық әлеуметтік желіде көпшіліктің көмегімен ақша жинап жатады. Екіншіден, шетелде емделіп шығу ықтималдығы жоғары. Сондықтан да науқастар ойланбастан емді шетелде қабылдағысы келеді. Ал осы кезде неліктен шетелде емделгенде дертінен айығу мүмкіндігі жоғары деген сұрақ туындайды. Шетелде кадр саясаты жолға қойылғаны бәріне белгілі. Білікті, білімді мамандар көп. Өйткені, онкологиялық ауруларда ерекше бір аппараттың немесе құрылғының қажеті болмайды. Ол жерде маңызды рөл атқаратын – дәрігердің тәжірибесі мен жаңа препараттардың қолжетімді болуы. Сондай-ақ шетелдік мамандардың нұсқауымен ем алған науқастардың жазылып шыққанын ғылыми зерттеулер де дәлелдеп көрсетуде. Мысалы, Еуропа, Түркия елдерінде онкологиялық аурудан, оның ішінде балалар арасында көп кездесетін жедел лимфобласты лейкоздан айығу ықтималдығы 80 пайыздан жоғары. Ал ТМД елдерінде дәл осы диагнозда жазылу ықтималдығы әлдеқайда төмен екені анық.

El.kz: Сүйектің қызыл кемігін трансплантациялау процесі қалай болады? Операция қанша уақытқа созылады? Сіз өткізген күрделі оталардың нәтижесімен бөліссеңіз.

Сүлеймен Жұматаев: Сүйектің қызыл кемігін трансплантациялау екіге бөлінеді. Аутологиялық және аллогенді дейміз. Бірінші түрінде, науқастың өзінің сүйегінің қызыл кемігін алып, қайта өзіне салады. Ал екіншісінде – басқа донордан алынады. Сүйектің қызыл кемігін трансплантациялау кезінде сүйектің өзі емес, оның бағаналы дің жасушалары алынады. Оны алғаннан кейін фильтрлерден өткізіп, тазалап, науқасқа береміз. Ол ешқандай да ұзақ уақытқа созылатын күрделі операция емес. Біз донордан сүйектің қызыл кемігін операциялық столда аламыз, науқасқа беретін кезде орталық кататер арқылы жібереміз. Мен өткізген ең күрделі трансплантацияның бірі жасы кішкентай науқастарға жасаған кезім деп айтар едім. Көбінесе трансплантация жасататын науқастар күрделі ауыр жағдайда болады. Ең күрделі трансплантациялар жаңа туған сәбилерге, яғни, 1-2 айлық балаларға жасалады. Олар жіті бақылауды талап етеді. Үнемі бақылап, жағдайын тексеріп отыруға тура келеді.

El.kz: Қазақстанда азаматтар қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беруі немесе бермеуі мүмкін келісім-шартқа отырып жатыр. Жалпы адам өмірден өткен соң донор болу қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Донорлар тапшылығы өзекті мәселе, сондықтан азаматтарға донор болуға үгіт-насихат жасайсыз ба?

Сүлеймен Жұматаев: Әрине, өте күрделі және ауыр сұрақ. Адамдарға «Сен донор бол немесе болма» деп айта алмаймын. Ағзалық донорларда ондай үгіт-насихат жүргізе алмаймын. Бірақ, біз жасайтын сүйектің қызыл кемігін траснплантациялаудың бір ерекшелігі және жақсы тұсы – сіз ағзаңызды бермейсіз, тек бағаналы жасушаларыңызды бересіз. Ол жасушаларға қайта қалыптасып, көбею тән болғандық ешқандай зардап шекпейді. Сол бағытта ғана адамдарды донор болуға қатты насихаттап, ұсынамын. Өйткені, донор болу арқылы сіз бір баланың, бір адамның өмірін құтқара аласыз. Басқа бір адамның өмірінде өте маңызды рөл атқарасыз.

El.kz: Жақында АҚШ-қа барып қайттыңыз. Сол сапарыңыз туралы айтып берсеңіз.

Сүлеймен Жұматаев: Жақында АҚШ-қа барып қайттым. Ол жақта генетикалық ем бойынша емдеу әдісі дамыған. Соны зерттеу мақсатында барып қайттым. Іс-сапар барысында 2 келісімшарт жасалды. Оның бірі – өте қымбат тұратын генетикалық ем. Бұл емді әлемдегі ең ауыр диагноз бойынша бірінші рет қолданып көрмекпіз. Әзірге нақты ақпараттарды құпия сақтаған жөн. Жүзеге асырып, қолданып көрген соң ғана айтатын боламын. АҚШ-тың сол емге рұқсат алатын орталығына хат жазып, соның нәтижесін күтіп жүрміз. Сондай-ақ АҚШ-тан біздің ғылыми жұмысымыз бойынша шақырту жіберген. Ғылыми жұмысымды АҚШ-тағы командаға ұсынып, коллабарация жасау үшін келісімге қол қойдық. Генетикалық емдеуге қатысты бірлесе жұмыс атқарамыз деп мақсат қойдық.

El.kz: Шетелдегі жинаған тәжірибеңізбен Қазақстанға оралып, жергілікті науқастарға көмектесу жоспарыңызда бар ма?

Сүлеймен Жұматаев: Әрине, менің ең үлкен армандарымның бірі осы. Шетелде тәжірибе жинауымның негізгі себептерінің бірі осы. Қазақстанға оралып, өз халқыма, еліме қызмете еткім келеді. Ең қатты көңіл бөлетін, алдыңғы қатарда тұрған жоспарларымның бірі деп айтсам болады. Қазірдің өзінде елден жырақта жүргеніме қарамастан отандастарыма қызмет көрсетуге, медициналық көмек қолын созуға тырысып жүрмін. Қолдан келгенше, еліміздегі медицинаны ілгерілетуге, науқастардың дертін жеңілдетуге барымды салатын боламын.

El.kz: Қандай зиянды әдеттер немесе қандай тағамдар қатерлі дертке шалдықтыруы мүмкін?

Сүлеймен Жұматаев: Әрине, ғылыми тұрғыда зерттелген нақты зиянды әдеттер мен тағамдар бар. Мысал ретінде бірнешеуіне тоқталып өтейін. Алкоголді ішімдіктер, темекі өнімдері, сондай-ақ күн сәулесінің астында өте ұзақ уақыт өткізу. Қазіргі уақытта өте көп тұтынатын фаст-фудтар, өте қатты қуырылған ет өнімдері канцорогенді тамақтарға жатады. Одан бөлек түрлі дәмдеуіштер мен қоспалары бар тағамдардың ауруға шалдықтыру көрсеткіштері зерттелу үстінде. Сондықтан барынша табиғи өнімдерді тұтынуға тырысуымыз керек. Әртүрлі қоспасы бар фаст-фуд өнімдері мен сусындарды шектеуге тырысу керек.  

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға