Жаңалықтар

Түркістанға "Жібек жолы" халықаралық пойызы бағытымен 300 турист келді

Түркістанға "Жібек жолы" халықаралық пойызы бағытымен 300 турист келді
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 21.03.2025 21:00 120

Наурыз мейрамына орай Түркістанға «Жібек жолы» халықаралық пойыз бағытымен 300-ден аса турист келді. Әкімдіктің мәліметінше, саяхатшылар Түркістан қаласының көрікті орындарын аралап, Наурыз мейрамын тамашалауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туристер Түркістанның тарихымен, мәдениетімен танысады деп күтілуде. Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығын аралап, Қожа Ясауи кесенесіне зиярат етпек. Сондай-ақ қаланың жаңа сәулет нысандарын, атап айтсақ, «Жастар» саябағын «Керуен сарай» кешенін аралайды.

Еске салсақ, былтыр «Жібек жолы» туристік пойызы өз жұмысын бастаған болатын. Бірнеше күнге созылатын саяхатта туристер Алматыдан бастап, Түркістан, Ташкент, Самарқанд және Шымкент қалаларын аралап, туристік орындарымен танысады.

Айта кетсек, Түркістанда туристік маусым 19 наурызда ресми түрде ашылды. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында E-qonaq бойынша қалаға келген шетелдік туристер саны 1310 адамды құрады. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы берген мәлімет бойынша қаңтар-ақпан айында 47 мыңнан астам келушi тіркелген. 2024 жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Бұл мәртебе өңірдің туристік ағынының артуына ықпал етті. Өткен жылдың наурыз айында қалаға келушілердiң саны 79,8 мың адамды құраған. Түркістан қаласының ерекше мәртебеге ие болуына байланысты бұл көрсеткіштердің тағы да арта түсері анық.

Өңірде 235 орналастыру орны және 75 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға 128,6 мың адам, тарихи орындарға 880,1 мың адам саяхаттаған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға