Түркістанға баратын шетелдік туристер саны артты
Түркістан облысында жыл сайын аймаққа келетін туристер саны да артып келеді. Өткен жылдың 9 айында орналастыру орындарында 235 мыңнан аса адамға қызмет көрсетілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, бір күндік келушілер саны 900 мыңға жуықтаса, туризм бойынша 5,3 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров туризм саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Туризм саласын дамыту бойынша нақты жоспар әзірлеңіздер. Осы салаға қатысты индикаторлар толық орындалуы керек. Жұмысты жүйелеңіздер. Спорт, мәдениет басқармаларымен бірлесіп, жұртшылықты қызықтыратын іс-шаралар тізбегін әзірлеңіздер. Туристік инфрақұрылымды жақсарту, жол бойындағы сервистік қызмет сапасын көтеру, оқиғалы іс-шаралар бойынша нақты жұмыс істеңіздер. Түркістан облысына келген саяхатшы өзіне не ұсынылатынын, қайда баруға болатынын білуі тиіс. Ол үшін арнайы турпакеттер әзірленіп, ақпараттық жұмыстар жандануы қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Оның айтуынша, «e-qonaq» жүйесі арқылы есеп жүргізіліп, өткен жылы өңірге 21 мыңнан астам шетелдік турист келген. Шетелдік қонақтардың басым бөлігі көршілес елдерден келсе, АҚШ, Германия, Франция елдерінен де саяхатшылар бар.
Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, биыл өңірде 27 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, мыңнан аса жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жалпы 26,3 млрд теңге инвестиция тартылады деп жоспарланған.