Түркістандық спортшылар гір тасын көтеруден ел біріншілігінде топ жарды

Гір тасын көтеруден Астана қаласында өткен ел кубогында еліміздің 16 облысынан 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Түркістан облысының намысын қорғаған спортшылар ерекше нәтиже көрсетіп, 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жарыс нәтижелері бойынша Бақыт Мақсатұлы ересектер арасында 63 келі салмақта ұзын циклді көтеруден III орынға тұрақтап, әуесқойлар арасында I орынды жеңіп алды. Ол мұнымен қоса Қазақстанның спорт шебері атағын да орындады. Ал Орынбасар Баби 68 келі салмақта ұзын циклді көтеруден I орынға ие болып, серпе көтеруде де топ жарды.
63 келі салмақта өнер көрсеткен Өскен Тілеген серпе көтеруден I орынды жеңіп, өзінің шеберлігін дәлелдей түсті. Өңір намысын қорғаған Тұрғанбай Бақытжан 73 келі салмақта ұзын циклді көтеруден III орынды місе тұтты. Ал, Құдайберген Сырым 85 келі салмақта ұзын циклді көтеруден I орын алды. Бұған қоса, ол Қазақстанның спорт шеберіне үміткер атағын орындап, ерекше жетістікке жетті. Сонымен қатар 95 келі салмақта Айдын Тауыпалды ұзын циклді көтеруден III орын алды.
