Жаңалықтар

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес - Президент

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес - Президент
Фото: Akorda.kz 17.06.2023 13:15 768

Түркістан қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтай аясында Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауидың ізгіліктерінің қоғам өміріндегі маңызына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда, ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды. «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болады, - деді Мемлекет басшысы.

Прездент осы ретте ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу үшін атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып, ол туралы рухани тағылымдардың маңызы туралы айта кетті.

Елімізде рухани құндылығы жоғары өзге де дүниелеріміз жеткілікті. Оның ішінде адамзаттың асыл қазынасы атануға әбден лайық мұраларымыз бар. Қазір бірнеше нысанды трансұлттық аталымдар бойынша ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін өтініш берілді. Бұл шаруа көрші елдермен бірлесіп атқарылып жатыр. Жақында ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле ханым менің шақыруыммен Қазақстанда болды. Ол Түркістанға әдейі ат басын бұрды. Бұл – беделді халықаралық ұйым басшысының соңғы 10 жылда елімізге жасаған алғашқы сапары. Мен Азуле ханыммен арнайы кездестім. Ол маған Бурабай, Марқакөл қорықтары және «Ортеке» өнері ЮНЕСКО тізіміне енгізілгенін растайтын құжатты табыстады. Мұның бәрі Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын әлемге танытуға септігін тигізері сөзсіз. Бірегей салт-дәстүрімізді материалдық емес мұралар тізіміне қосуға қатысты жұмысты жалғастыру қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға