Түркістанда "Жайлы мектеп" пайдалануға берілді
Түркістан қаласында №34 «Жайлы мектеп» ашылып, 1200 оқушыға арналған жаңа білім мекемесі халықтың игілігіне берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жұртшылықты қуаныштарымен құттықтады.
Облысымызда 29 жаңа «Жайлы мектеп» салынуда, сонымен қатар облыстық бюджет пен басқа қаржы көздерінен тағы 21 мектептің құрылысы жүргізілуде. Барлығы 50 мектеп пайдалануға берілгенде, өңірдегі апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Білім саласына үлкен көңіл бөлініп, оқу-тәрбие жұмыстары үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Білім ошақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл мектептеріміз бейнебақылау, дабыл жүйелері және FACE ID жүйелерімен қамтылып, полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жаңа мектепте асхана, кітапхана, арнайы оқу залдары, шеберхана, акт залы мен медициналық пункт бар. Сонымен қатар, бейнебақылау камералары да орнатылған. Заманауи пән кабинеттері, оның ішінде робототехника, кең жолақты интернет және жаңа модификацияланған кабинеттер оқушылардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік береді.