Түркістанда VI жастар спорт ойындарының ашылу салтанаты өтті

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарының ресми ашылу салтанаты өтті. Биылғы дода Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Спорттың 34 түрінен өтіп жатқан додаға 2000-нан астам спортшы қатысуда.
Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өткен ашылу рәсіміне Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, сондай-ақ спорт саласының құрметті мамандары қатысты.
Ербол Мырзабосынов ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде мұндай жарыстар жас спортшылар үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
Баршаңызды киелі Түркістан топырағында көргеніме қуаныштымын! Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарына қош келдіңіздер! Биылғы ойындар Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Ата-бабаларымыз сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсетіп, бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлады. Батырлардың ерлігі мен еңбегін ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы спорт саласының дамуына ерекше назар аударып келеді. Соның нәтижесінде отандық спорттың деңгейі жылдан жылға артып келеді. Біздің спортшылар халықаралық жарыстарда жарқын жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатып жүр. Ал Жастар спорт ойындары сияқты кешенді іс-шаралар отандық спортты жаңа деңгейге көтеруге серпін береді. Сондай-ақ жас ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға баулиды. Биылғы бәсекеде бағы мен бабы қатар шапқан ең үздік спортшылар жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенемін, – деді министр.
Ал аймақ басшысы Нұралхан Көшеров өңірде спорт саласы қарқынды дамып жатқанын атап өтті.
Тарихи шаһарға қош келдіңіздер! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы спорт саласын жан-жақты дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай, бүгін Түркістан қаласында VІ Жастар ойындары басталды. Бұл – ел болашағы саналатын жастарымыздың шеберлігін шыңдап, жаңа чемпиондар тәрбиелейтін маңызды жарыс. Биылғы додаға еліміздің барлық өңірінен 2 мыңнан астам жас спортшы қатысуда. Ал Түркістан облысынан спорттың 34 түрінен 300-ден астам спортшы қатысады. Мұндай ірі іс-шараның Түркістанда өтуі заңдылық. Себебі аймақта спорт инфрақұрылымы жақсы дамып жатыр. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2024 жылы 73 спорт нысанының құрылысы аяқталды. 2025 жылы заманауи үлгідегі 51 спорттық нысан пайдалануға беріледі. Оның ішінде атшабар мен ескек есу каналы бар. Сіздер спорт сайыстарында облыс қана емес, тұтас Қазақ елінің намысын қорғайсыздар. Бұл жарыс арқылы үлкен белестерге қадам жасайсыздар. Араларыңыздан Әлем, Олимпиада чемпиондары шыға берсін! Баршаңызға әділ бәсеке, сәттілік және жарқын жеңістер тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
VI Жастар спорт ойындары еліміздің барлық өңірлерінде өтеді. Оның ішінде Түркістанда баскетболдан, байдаркада және каноэде есу спорт түрлері бойынша ұйымдастырылады.
