Түркістанда туризм маусымы 19 наурызда ашылады

Түркістанда биыл туристік маусымның ашылуы 19 наурызда өтеді. Осыған орай киелі шаһарда «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» тақырыбында іс-шара өтпек. Аталған іс-шара өңірдің туристік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту және қонақтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету мақсатында ұйымдастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов өңірде өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілген болатын. Аталған құжат - қаланың халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналуына үлкен мүмкіндік береді. Ерекше статусына орай біз енді мынау Түркістан қаласында «Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы» жаңа туристік маусымның ашылуын іске асыруды жоспарлаудамыз. Осы 19 наурыз күні өтетін іс-шараның аясында республикалық туристік форумды да ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Аталған республикалық туристік форумда республикамыздың туристік бизнес өкілдері, жалпы осы туризм саласының сарапшы мамандарының жиналуымен Түркістан қаласына берілген ерекше мәртебенің артықшылықтарының тетіктерін таныстыру және де осы Түркістан қаласына туристерді тарту бойынша стратегиялық және алдағы жалпы жоспарларды талдауды, талқылауды негізге алып отырмыз,-деді басқарма басшысы.
Спикердің айтуынша, туристік маусымның ашылуы қаладағы Керуен сарайы кешенінде өтеді. Бұл айтулы іс-шара қазіргі Түркістан қаласының өзінің мәртебесін негізге ала отырып, этностиль деңгейінде ұйымдастырылатын болады.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Сонымен қатар өзіміздің туристік бизнес өкілдерінің және жалпы рестораторлардың қатысуымен осы жалпы туристік маусымның ашылуында 2,5 тоннаға жуық наурыз көже дайындау және оны тарату жоспарлануда. Бұл арқылы өзіміздің республикалық рекордқа ену бойынша ұсыныс берілген болатын. Бұдан өзге туристік қолөнершілердің және рестораторлардың шоулары ұйымдастырылатын болады. Бұл жерде олар өздерінің артықшылықтарымен, ерекшеліктерімен мынау тағамдардың шоу көріністерін ұсынатын болады және де өзіміздің туризмге бағытталған облыстың негізгі экологиялық бағытында жалпы этно-тарихи бағыттарға экспонаттардың көрмесін де ұйымдастыру жоспарланып отыр,-деді Нұрдәулет Медеуов.
Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы туристік маусымның ашылуында 2025 жылы өңірде атқарылатын іс-шаралар толықтай жарияланатынын атап өтті. Яғни, биыл қандай туристік іс-шаралар іске асырылады және қандай туристік маршруттар іске қосылады, соның аясыда жыл соңына дейін облысқа келетін туристер санын қаншаға арттыру көзделіп отыр деген сияқты мәселелерді маусымның ашылуына келген қонақтарға ұсыну жоспарлануда екен.
Түркістандағы туристік маусымның ашылу салтанатында «Jana lep» шығармашылық ұжымы, «Самғау» би ансамблі, ұлттық аспаптарда орындаушылар, DJ Shamil және өзге де өнерпаздар өнер көрсетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, от шоуы, сиқыршылар қойылымы, барабан шоуы және поэзия кештері өтеді. Туризм маусымының ашылуына қосымша құн салығын қосқанда 28 млн теңге бөлініп отыр екен.
Басқарма басшысы өз баяндамасында туристік инвестициялар мен халықаралық байланыстар туралы да айтып өтті.
Өздеріңіз білесіздер, туризм саласына негізгі капиталды тарту инвестициялық көлемі бойынша біз республикада үздік үштіктен осы бес жылдың көлемінде түскен емеспіз және құйылған инвестиция көлемі бойынша 80 млрд теңгеге жете алдық. Бұл - өте жоғары көрсеткіш. Биыл да жыл соңына қарай бірқатар туристік институт жобаларды іске асыруды қолға алып отырмыз. Оның бірі - қолөнершілер қалашығы. Одан бөлек дала демалыс аймақтарын іске қосу және де мынау экологиялық бағыттағы туризм бағыттарында халықаралық ProGreen гранттарын іске асыру бойынша "Сайрам-Өгем" ұлттық паркі, "Қаратау" және де "Ақсу-Жабағылы" қорықтарында бизнес орталықтарын іске асыру жұмыстары жоспарлануда. Жобамен гранттың сомасы бес жүз миллион теңгедей болады. Қазіргі таңда осы "Сайрам-Өгем" ұлттық паркі мен "Қаратау" қорығы, одан бөлек мынау "Ақсу-Жабағылы" қорығы және оған тиісті аудандармен бірлесе жұмыстар атқарылуда. Және де туристердің санын арттыру бойынша басқа да нарықтармен ұдайы тиісті біржақтама жұмыстар жасалынуда. Бұның бірі ретінде айтар болсам, өткен 2024 жылдың желтоқсан айында біз Түркия елінде іссапар болдық. Іссапар барысында TURSAB туристік ұйымымен келісімге келген болатынбыз. Жүргізілген келліссөздер нәтижесінде биыл сәуір айының 19-ы мен 22-сі аралығында Түркияның бірқатар ірі туристік компанияларын ақпараттық турға шақырту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде бірқатар келісімшарттарға қол жеткіземіз деген ойдамыз,-деді Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы.
Бұдан бөлек, спикер өз сөзінде Қытайдың туристік фирмаларының бірімен топтық туристерді Түркістан облысына тарту бойынша бірқатар келіссөздер жүргізіліп жатқанын алға тартты.
Нұрдәулет Медеуов өз сөзінде өңірге келген туристер саны туралы да тоқталды.
"eQonaq" жүйесінің нәтижелері бойынша тоқталып кететін болсам, 2023 жылдары "eQonaq" жүйесіне тіркелген шетелдік туристердің саны негізі 14 мыңдай адамды құраған болса, 2024 жылы 21 мың адам тіркелген болатын. Қазір биылғы жылдың екі айының қорытындысымен "eQonaq" жүйесі арқылы тіркелгендер саны 3200 адамға жетіп отыр. Биыл да өңірге келетін шетелдік туристерді біршама арттырамыз деген жоспарымыз бар. Оның үстінде қазіргі таңда келіссөздердің нәтижесіне бірқатар топтық туристерге қол жеткізіліп отыр. Оның бірі ретінде айтар болсам, жылдың басында жапондық 11 туристік топты тарту жоспарланған болса, қазір оның саны 15-ке артып отыр. Одан бөлек Италиядан шамамен 20-25 туристен құралған 24 топты тартуға келісімге келдік. Туристерді арттыру мақсатында ары қарай да жұмыстар жалғасады,-деді ол.
Басқарма басшысы өткен жылы пилоттық режимде Түркістан-Самарқанд әуе рейсі ашылғанын атап өтті. Алайда уақыт өте бұл бағыттағы әуе рейсі тоқтаған. Оған әуе борттарының жетіспеушілігі және өзге де мәселелер себеп болыпты. Бұл жоба биыл қайта қолға алынып отыр. Нәтижесінде 2 мамырдан бастап тұрақты түрде бейсенбі және жексенбі күндері Түркістан-Самарқанд рейстері іске қосылатын болады. Жауапты басқарма басшысының айтуынша, бұл Өзбекстан мен Қазақстанның, яғни Түркістанды байланыстыра отырып, бірлескен туристік маршруттарын іске асыруға септігін тигізбек. Сондай-ақ жыл басынан бастап елімізде туристік пойыз іске қосылған еді. Қазіргі таңда бұл пойыздарға деген жолаушылар қызығушылығы күннен күнге артып отыр екен. 21 наурыз күнінде шамамен төрт жүзге жуық турист осы туристік пойыз арқылы Түркістан қаласына келеді деп күтілуде.
Туризмді одан әрі дамыту мақсатында бірқатар жаңа туристік маршруттар мен өнімдер ұсынылатын болады. 2025 жыл аясында туризм саласын жыл он екі ай бойы дамыту үшін туристік нысандардың инфрақұрылымын жақсарту, оларды зерттеу және туристерді тарту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, туризмнің даму жол картасын іске асыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде,-деді Нұрдәулет Медеуов.
Туризм басқармасы өңірдегі санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсарту жұмыстарын да қолға алуда. Өткен жылы өңірдегі 158 санитарлық-гигиеналық тораптар тексеріліп, олардың сапасы бағаланыпты. Кемшіліктер анықталып, жергілікті әкімдіктерге тиісті шаралар қабылдау тапсырылған.
Туристік нысандардың санитарлық жағдайы – өңірдің туристік келбетін айқындайтын басты факторлардың бірі. Сондықтан біз тұрақты түрде санитарлық жағдайды тексеріп, жақсарту жұмыстарын жүргіземіз, – деді басқарма басшысы Нұрдәулет Медеуов.
(Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі)
Түркістан облысында туризмді дамыту үшін жаңа инфрақұрылымдық жобалар қолға алынуда. Қолөнершілер қалашығы, экологиялық демалыс аймақтары, заманауи санитарлық тораптар мен визит-орталықтар салынбақ. Сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр екен.
Статистикалық дерекке сүйенсек, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Түркістан облысына 235 мың турист барған. Қонақ үйлер мен басқа да орналастыру орындарында көрсетілген қызметтердің жалпы сомасы 5,3 млрд теңгені құраған. Ал жалпы Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері киелі шаһарға келуші туристер саны жыл санап артып келеді. Соңғы 2 жылда бұл салаға 74,2 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы 61,9 млрд теңге тартылған. Былтыр Түркістан қаласына барған зияратшылар мен туристердің саны 1,1 млн адамға жеткен екен. Оның ішінде шетелдік туристер саны - 23,2 мың адам. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 90,1 пайызға көп. Қазіргі таңда қалада туризм саласын одан әрі дамыта түсу мақсатында құны 145 млрд теңгені құрайтын 955 жұмыс орнын ашуға мүкіндік беретін 13 жоба іске асыру жоспарлануда.
