Түркістанда цифрлық білім беру платформасы сынақтан өткізіліп жатыр
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz
15.12.2022 13:49
1541
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қожахметовпен және облыстың бірқатар педагогтерімен бірге «BilimLand.kz» цифрлық білім беру платформасының қолданылуы мен жүргізілуімен танысты.
Ашықтыққа бейімдейтін цифрлық жүйе бұл салаға адам факторы араласпай, жемқорлықтың алдын алуға ықпалын тигізбек.
Білім сапасын арттыруға бағытталған жүйеге оқушылар мен мұғалімдер тегін қосылмақ. «Bilim Land» жобасының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы білім беру платформасы туралы таныстырылым жасап, қойылған сұрақтарға жауап берді. «Робототехника» пәнін платформаға енгізу, қатаң есептегі құжаттарды енгізуге қатысты мұғалімдердің ұсыныстары бойынша жұмыстар жүргізілетін болды. Ашықтықтың білім саласын өрге сүйрейтінін айтқан ұстаздар білімнің жаңа белестерін бағындыруға дайын екендерін жеткізді.
BilimLand – бұл электрондық оқыту бойынша әлем көшбасшыларының алдыңғы қатарлы жетістіктері негізінде жасалған цифрлық білім беру платформасы. Онда 37 пəн бойынша 25 мыңға жуық астам дайын цифрлық сабақтар, 100 мыңнан астам интерактивті тапсырмалар жинағы бар. 35 мыңнан астам бейнесабақтар, 544 мыңнан аса аудио интерактивті тапсырмалар, 200 мыңға жуық тест тапсырмалары жинақталған.
Оқушының сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындау мен үлгеріміне мониторинг жасалады. Үй жұмысын беру, тексеру мен бағаларды онлайн қою жүйесі, ҰБТ жəне қорытынды аттестаттауға дайындайтын 77 000 тест сұрағының үлкен базасы жасақталған.
Сондай-ақ кездесуде білім мекемелеріне енгізілетін бухгалтериялық бағдарлама таныстырылды. Пилоттық жоба Астана қаласы мен Павлодар, Жамбыл облыстарында енгізілген. Жаңа жүйе білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз етпек. Автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды.
Түркістан облысында білім сапасын арттырудың аса маңыздылығын алға тартқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жобалардың нәтиже береріне көз жеткізу керектігін ескерді. Аса маңызды міндеттің бірі – ауыл мектептерінің сапасын көтеру екенін айтты.
– Білім сапасын жетілдіруде ашықтық пен айқындықтың болуы – заңдылық. Заман талабына сай барлық салада өзгерістер болары анық. Білім сапасы – басты көрсеткіш. Білім саласын дамытып, сапасын арттыруға күш салынады. Ол үшін кешенді жұмыстар қажет. Жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға бекінген соң оны жан - жақты қарастырған жөн. Сондықтан бұл жүйелер толық зерттеліп, талданғаннан кейін ғана кезең - кезеңмен енгізуге болады, – деді облыс әкімі.
Түркістан облысында 1000-ға жуық мектеп бар. Онда 500 мыңға жуық бала білім алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Семейде көмір беру жүйесі істен шықты