Түркістанда республикалық жас ақындар мүшәйрасы өтті

Түркістанда «Адал ұрпақ - ұлт болашағы» атты республикалық жас ақындардың жыр мүшайрасы өтті. «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайту мақсатында өткен іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мен облыс әкімдігі ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпаратына сүйенсек, байқауға қатысушылар ешбір жерде жарияламаған «Адал ұрпақ -ұлт болашағы» және «Түрленген, гүлденген Түркістан» тақырыбындағы өлеңдерін ұсынды. Сонымен қатар жас ақындар Ұлы Жеңістің 80 жылдығын елеусіз қалдырмай, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, ерліктерін жырға қосты. Рухани шараның ашылуында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Байқаудың ақтық сайысына өткен жас ақындардың арасынан түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. Қазылар алқасының шешімімен 1-орын атыраулық жас ақын Долорес Русланқызына берілсе, 2-орынды Шымкент қаласынан келген Ақсүйкім Ізбасар мен түркістандық Айбек Бердіш жеңіп алды. Ал, үздік үштікті Абай өңірінен Адина Омарғазина мен Түркістан облысынан Қасымхан Исаханға берілді. Сонымен қатар, байқауда айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова атындағы, қаламгер Қаныбек Сарыбаев атындағы және облыстық Қоғамдық даму басқармасы атынан арнайы сыйлықтар берілді. Бұдан өзге, 7 қатысушыға ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды.
