Жаңалықтар

Түркістанда ономастика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

Түркістанда ономастика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 20.04.2024 05:25 756

Түркістанда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе»  атты республикалық семинар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, семинарға Республикалық ономастика комиссиясының мүшелері – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, өңірлердегі ономастика саласын басқарып отырған басқарма басшылары, сондай-ақ Түркістан облысындағы аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік идеологияны ұлттық негізбен байланыстыру. Былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ономастика саласы – тарихи сананы жаңғыртуда маңызды идеологиялық құрал екенін атап өтті.

Жұмыс тобының мүшелері еліміздің белгілі институттарының ғалымдарымен бірлесіп, Орталық мемлекеттік архив мекемесінің қолданыстағы «Тарихи тұлғалар» тізімі, «Жер-су атаулары» және дәстүрлі атаулар тізімін жан-жақты пысықтады. Былтыр Республикалық ономастикалық комиссияның 4 отырысы өткізіліп, жаңа атаулар берілді. Министрлік елді мекендердің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша үлкен жобаны қолға алып отыр. Жоба аясында қазіргі ел аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасы әзірленеді. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жергілікті әкімдіктер тарапынан да жүргізілсе деген ұсынысым бар, – деді Рустам Әли.

Семинарға қатысушылар ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, осы салада өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізді.

Сонымен қатар жиында елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері мен халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар қаралды.

Семинардың екінші күні қатысушылар Түркістан облысының көрікті жерлері мен киелі орындарын аралады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға