Жаңалықтар

Түркістанда «Музейлер шеруі» көшпелі көрмесі басталды

Түркістанда «Музейлер шеруі» көшпелі көрмесі басталды
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 04.09.2023 14:29 1378

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Visit Turkistan» орталығы алаңында «Музейлер шеруі» кеңейтілген көшпелі көрмесі басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, көрмені облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев ашып берді.

Оқи отырыңыз:

Ұлттық рухымыздың бір тармағы ата-баба мұрасы мен өнегесін кейінгі ұрпаққа танытуда музейдің алатын орны ерекше. Өткенге құрметпен қарап, бүгінгі күнді қадірлеп, келешектің қамын ойлау – басты міндетіміз. Жалпы музей – тарихи-ғылыми деректерді, көне заман ескерткіштерін, олардың үлгі нұсқаларын, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, мұраларды зерттеп жинақтаушы, сақтаушы, әрі бұл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, солардың негізінде жастарға жалпы қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие, беретін мәдени және рухани мекеме. Сондықтан екі ай бойы жалғасатын көшпелі көрменің маңызы зор, – деді басқарма басшысы.

Көшпелі көрменің ашылу салтанатында Музей саласының ардагері, өлкетанушы Абдулла Жұмашев және Ясауитанушы, Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің археологы Тұяқбаев Марат Қымызұлына сөз берілді. Шара барысында музей қорындағы құнды жәдігер мен бірегей өнер туындыларынан жасақталған көрме Түркістан қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды.

Қазіргі таңда облыстағы музей қорында 170 мыңнан астам рухани құндылық сақталған. Олардың басым бөлігін археологиялық, этнографиялық экспедициялар нәтижесінде жинақталған бірегей жәдігерлер құрайды. Атап айтсақ, қазақтың соңғы ханы Кеңесарының қылышы, атақты қазақ балуаны Қажымұқанның қара үйі, Ұлы композитор Шәмшінің жеке заттары, Халық қаһармандары, соғыс, тыл, еңбек ардагерлері, спорт, білім, мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосқан азаматтардың да жетістігін айқындайтын жәдігерлер бар.

Бір ғасырдан астам тарихы бар Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі шежірелі тарихтың сүбелі бөлігін құрайтын оңтүстік өлкесінің табиғаты мен тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен өнерін паш ететін жәдігерлерді жинақтап, сақтап, көпшілікке таныстырып, кеңінен насихаттап келе жатыр.

Аталған көрме Түркістан облысының тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтарын, елімізге танымал тұлғаларымыздың, экономикасының қарқынды дамуын айғақтайтын музей қорындағы жәдігерлер негізінде киелі Түркістанның бүгінгі жаңғыруы мен жетістіктерін халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, музейлер шеруі 1 қыркүйек пен 29 қазан аралығында, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері өтеді. Кеңейтілген көшпелі көрмеге Түркістан облысындағы республикалық «Әзірет Сұлтан», «Отырар» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты 24 музей қатысады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға