Жаңалықтар

Түркістанда имамдарға арналған Ислам институты ашылады

Түркістанда имамдарға арналған Ислам институты ашылады
Фото: Түркістан облысы әкімдігі 23.03.2025 14:48 437

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өкілдерімен кездесті. Басқосуда руханият саласындағы мәселелер қозғалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар шаһарда ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу, институттың жұмысын жүйелендіру бойынша Жол картасын әзірлеу, штаттық құрылымын жасақтау және бекіту, облыс көлеміндегі мешіт қызметкерлерінің біліктілігіне мониторинг жүргізу, қажеттілігіне қарай біліктілігін арттыру курстарын оқыту жолдары сараланды.

Облыс әкімінің орынбасары аталған орталықты ғылыми-зерттеу институты ретінде тіркеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Қазіргі таңда дін саласындағы қызметкерлердің білімі мен біліктілігін көтерудің маңызы артқан. Сондықтан біліктілікті арттыру курстарына республикаға танымал, дін, тарих, мәдениет, философия және тағы басқа ғылымдар бойынша сарапшылар мен спикерлерді жұмылдыруды қолға алсаңыздар. Алдағы уақытта Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференциялар өткізіледі, солардың қорытындыларын да жұмыста кеңінен пайдалануды қарастыруды ұсынамын. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан дәріс алу арқылы дін қызметкерлерінің білімі жетіле түсіп, елге сапалы қызмет етудің деңгейі артады деп ойлаймын, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов өз сөзінде Түркістанның Қазақстанның рухани орталығы ретінде ерекше орны бар екенін атап өтіп, жақында ашылатын институт өңірдегі имамдардың білімін шыңдауға серпін беретін орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Аталған институт биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл орталықта Қожа Ахмет Ясауи еңбектері мен ғибратты хикметтеріне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласының дін саласында қызмет атқарып жүрген имамдарының білімін жетілдіру көзделіп отыр. Сонымен бірге тарихты, классикалық еңбектерді оқытып, діни мәселелерді түсіндіру қабілетін арттыру жоспарланған. Мұнда дін ғұламалары мен теологтар дәріс береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға