Түркістанда II түркі универсиадасы өтеді

5-10 қараша аралығында Түркістан қаласында II түркі Универсиадасы өтеді. Ойын бағдарламасына волейбол, футзал, үстел теннисі, шахмат, дзюдо, еркін күрес және грек-рим күресі сияқты 7 спорт түрі кіреді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстанда түркі Универсиадасын өткізу туралы мәлімдеді. Түркі Универсиадасын өткізудің мақсаты студенттер арасындағы спорттық жарыстар арқылы Түркі елдері арасындағы жан-жақты ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып табылады.
Универсиадаға түркі мемлекеттері ұйымына қатысушы елдердің (Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан) және Венгрияның (байқаушы) 450-ден астам студент-спортшылары қатысады.
5 қарашада қатысушы елдердің туын көтеру жоспарлануда.
Универсиаданың ашылуы 6 қарашада SHOW ARENA-да, жабылуы - 9 қарашада Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтеді.
Жарыстар «OLIMPIC CENTER» СК және Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтеді.
